Алматы облысындағы Бесағашта 600 отбасы сусыз қалуы мүмкін
Алматы облысында 600 отбасы көктемде мүлдем сусыз қалуы мүмкін. Бесағаш ауылындағы саяжай бірлестігінің тозығы жеткен су құбыры қыс бойы жарылып шыққан. Қазірдің өзінде екі саяжайдағы тұрғындар екі күннің бірінде сусыз отыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
15.02.2023
Ал ақауды реттеуге су таратып отырған жеке кәсіпкердің де шамасы келмейді. Себебі, қыруар қаржы керек. Жергілікті атқамінерлер кінәні тұрғындардың өзіне жауып отыр.
Қолына бес литрлік қос бөтелкені ұстап су іздеуге шықты. Тәліпбай ақсақалдың таңы күнде осылай атады. Самал атты саяжайға қоныстанғалы бері ұйқыдан тұра сала тұрмысқа қолданатын суды да, ішетін суын да сырттан тасып жүр. Ай сайын түсетін зейнетақысы осы суға кетеді дейді.
Тәліпбай Әбілмәжінов, Алматы облысының тұрғыны:
- Көрген күніміз осы. Ішкеніміз тұзды су. Кейде бар, кейде жоқ. Жазда мүлдем болмай қалады. Өіміріміз су тасумен келе жатыр. Қиын ғой, шырағым. Дәрідәрмегіміз бар, оның бәрін әйтеуір ілдәләп жеткізіп жатырмыз ғой, ақырынақырын. Үйге жақын жерде тұратын балалар, қонақ келіп тұрады. Келерде «су ала келіңдер» деп хабарласамыз. Өздері ішетін суын ала келеді. Әйтпесе су жетпейді.
Тұрғындардың айтуынша, 2 саяжайдағы 600-ден астам үй тіршілік нәрінен тарығып отыр. Өйткені, құбырлар ескіріп кеткен. Соның кесірінен, аптасына 3 күн сусыз отырамыз дейді шырылдаған халық.
Жанар Нүсіпова, Алматы облысының тұрғыны:
- Ауылымыздың чатына судың иесі Алмагүл тәте сәуірден бастап «суды өшіремін» деген хабарлама жіберді. Енді соған жиналып шықтық. Себебі, біз судан қиналып отырған халықпыз. Өйткені бізге қаладан да су келмейді. Осы кісінің арқасында су алып отырмыз. Ол кісінің өшірейін деп жатқан себебі: құбырлар тозған.
Қуандық Тұрлыбаев, Алматы облысының тұрғыны:
- Құбырдың бәрі ескіріп, көрінген жері жарылып жатыр. Халықтың оны жасауға еш шамасы жоқ. Ауыл төрағасы мен су берушінің арасында келісімшарты болмай, халық сусыз отыр.
Су шығатын құдық жекеге тиесілі. Кәсіпкер тоз-тозы шыққан құбырлардың кесірінен су ысырап болып далаға кетіп жатыр дейді. Құбырды тұрғындар өз есебінен ауыстырмаса, суды мүлдем өшіріп тастайтынын растады.
Алмагүл Ахметшиева, жеке кәсіпкер:
- Өмірі қыста жарылмайтын. Осы қыста жарылды. Су беруге мүмкіндік жоқ. Сол үшін мен бірінші сәуірде өшіремін деп, халыққа, әкімдікке хабар таратып жатырмын. Мынаны жасамайынша, мен су бере алмаймын, тоқтатамын.
Саяжайдың төрағасы мүлдем хабарсыз кеткен. Қоңырау шалып та, үйіне барып та көрдік, таба алмадық. Ал әкімдіктегілер саяжайға тұрақтап алған тұрғындардың өзін кінәлады. Атқамінерлер көмек қолын созуға құлықсыз.
Ернар Жүнісов, Бесағаш ауылы округінің әкімі:
- Ол не үшін құрылған? Адамдар жазда үш ай осы жерге келіп, бақшасын егіп, жинап, қыста кетуі керек. Мынаны енді паналап, үй қылдырып алған. Бірақ мына жерге үлкен с жобасын алып келе жатырмыз. Кәдімгідей 6 миллиардтық жоба. Ол 2019 жылдан бері басталған. Сараптамадан өтпей, биыл ғана орнынан қозғалды. Ауданның алдындағы әкімі бұларға уәделесіп кеткен. Су осы жерден өтеді, бес шақырымға дейін. Сол жерге дейін су жүрсе, бұларға қалдырып кетеміз.
Алайда оның өзі ұзақ уақытты талап етеді. Сараптамадан сүрінбей өткен күннің өзінде де, тек келесі жылы су жүргізілуі мүмкін дейді әкім. Қорыта айтқанда, ауыр жүктің бәрі өзгеге емес, саяжайлықтардың өзіне түсіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!