Жолаушы тасымалдаудан бас тартқан компанияға жаза қолданылады – Ақтөбе
Ақтөбеде жүргізушілері жарты күн бойы жолаушы тасымалдаудан бас тартқан компанияға әкімшілік жаза қолданылады. 60-қа жуық автобус жүргізушілері басшыларының талабына қарсы шығып, айтқан ескертуін елемеген.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.02.2023
Руслан Жылқаманов, тасымалдаушы компанияның ресми өкілі:
- Валидаторды сындырып кетеді. Қолмақол ақшаны қалтасына салып алады. Автопаркке уақытынан ерте кіріп кетеді. Сондай бұзушылықтар болғаннан кейін шара қолдануға тура келді. Солармен келіспей, автобустар жұмысын тоқтатты. Сөйлесіп жатырмыз. Бір шешімге келеміз деп ойлаймыз.
«Автопарк» компаниясының автобустары Ақтөбенің орталық көшелерінде қатынайды. Кеше кешкілік осы бағыттағы қоғамдық көліктер жолға шықпай қалған. Жұрт діттеген жеріне жете алмай әуреге түсті. Автобус жүргізушілері мен компания басшысы арасындағы текетірестен тұрғындар зардап шекпеуі керек дейді жауапты мамандар. Сондықтан өзге жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларды осы жұмысқа тартқан. Тек бір бағыттың ғана жұмысын әкімдіктегілер реттей алмай жатыр. Енді ақтөбеліктерді жолдан қалдырған компания әкімшілік жазаға тартылып, қомақты айыппұл төлейтін болады.
Жомарт Бақытгелді, Ақтөбе жолаушылар тасымалы және автокөлік жолы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Айыппұл салынады. Әрі қарата құқық қорғау органдары тарапынан. Тасымалдаушының жеткіліксіз автобустарының болуы немесе талаптарға сай келмеуі бойынша көптеген бұзушылықтар бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!