Астаналықтар пеш жағудан қашан құтылады
Астана қалың тұманнан арыла алмай жатыр. Әсіресе қыстағы аязда елордада тұман түсу қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Ал негізі бұл – түтіннен. Өйткені жер үйлер пеш жағады. Жел де соңғы уақытта аспанды торлаған түтінді түгел әкете алмайтын болған. Одан құтылудың бір амалы - газға көшу.
Автор: Әзиза Төленби
16.02.2023
Алайда түтінсіз таза ауа жұтуға астаналықтар жақында жетпейтін сияқты.
Айгүл Төлеубекованың үйіне биыл да газ жеткен жоқ. Қақаған қыста көмір жағудан басқа амалы жоқ. Тек ол ғана емес, осы аудандағылардың бәрі көмірмен үйін жылытып отыр. Ал оның өкпені қабатын көк түтіні де зиян.
Айгүл Төлеубекова, Астана қаласының тұрғыны:
- Міне, түтін үнемі осылай тұрады. Өйткені пеш жағамыз. Жел жоқ. Ауламыз да, көшеміз де таза таптаза боп тұрса дейміз. Оған қайда?
Экологтардың айтуынша, көмір жағатын Астана, Қарағанды, Жезқазған сияқты қалаларда тыныс алуында проблемасы жетерлік адам саны жыл сайын көбейіп жатыр. Өйткені көмірден шығатын улы химикат өте қауіпті. Астана жазық жерде орналасқан соң жел болмаса, көк түтіннің астында қалады. Ал желдің азаюына соңғы уақытта бейберекет салынып жатқан құрылыс та кедергі екен.
Лаура Мәлікова, эколог:
- Қаланы жоспарлаған кезде жел бағытын ескеру керек. Қаланың ішінде дәліздер болу керек, жел өту үшін. Ластаушы заттарды шығарып, ары қарай алып кету үшін. Сондықтан қаланы жоспарлау мәселесінде біз экологиялық аспектілерді міндетті түрде ескеруіміз керек. Градсовет деген болады, құрылысшылардың кеңесі қаланы жоспарлайды. Сол кезде де экологтарды шақырып кеңесу керек.
Дегенмен жыл өткен сайын елорданың түтіні сейіліп келеді дейді экологтар. Өйткені 2019 жылдан басталған газдандыру ісі толық бітпесе де, жалғасып жатыр. Қазір қала ішіндегі 20 мыңдай жер үйдің 12 мыңына газ тартылыпты. Бағасы да арзан емес – 900 мың теңгеге дейін. Бірақ суықта дірдеңдеп отын тасығысы келмейтін жұрт қалай болса да көндіккен.
Мақсат Есмағұлов, Астана әкімдігі, іотын энергетика ресурстар бөлімінің басшысы:
- Әрбір газға қосылатын тұрғын үйге, әрбір тұрғынға есептегіш құралы тегін береді. Оның құны шамамен 150 мың теңге. Яғни ол тұрғындарға жеңілдік. Екінші, әкімдікпен 413 мың теңгеге дейін әлеуметтік қорғалмаған топтарға газға қосылу көмегі көрсетіледі. Үшіншісі, екінші деңгейлі банктермен арнайы меморандумға қол қойдық. Оған сәйкес бізде көп банктер сіздерге ешқандай пайызсыз, ешқандай алғашқы жарнасыз газға қосылу жарнасын береді.
Жалпы Астананы толығымен табиғи газбен қамту 2025 жылы аяқталады деген кешенді жоспар бар. Қара түтін жұтып, одан қалды от жағудан шаршаған жұрт құнына қарамастан тағатсыздана күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!