Көкшетауда жанармай бекеті өртеніп, оператор жан тапсырды
Көкшетауда жанармай құю станциясында жарылыс болды. Алапат өртте бекеттің 34 жастағы операторы ажал құшқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
16.02.2023
Оқиға таңертең Бірлік ықшамауданында орналасқан бензин құятын станцияда болды. Цистернасы лық толы екі жүк көлігі келіп, жағармайды арнайы орынға құю кезінде өрт шығып, сол жердегі бекеттің күлі көкке ұшқан. 1988 жылы туған оператор сол жерде жан тапсырды. Жүк көліктерінің де түгі қалмай жанып кетті. Ал жүргізушілері аман.
Алапат өрт сол жердегі қоймаларға тиіп кетуі де мүмкін еді. Өршіген өртті сөндіруге 11 арнайы техника мен 40 құтқарушы қатысты.
Әсет Жақсылықов, Ақмола облысы ТЖД бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Төтенше жағдай департаментінің анықтау органы Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес тергеу жүргізуді бастады. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Өрттің шығу себебі, кінәлілер тек содан кейін белгілі болады. Тергеу ісіне байланысты басқа ақпарат бере алмаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!