Шекті бағадан шприц тапшылығы туған – Атырау
Атыраудың медициналық мекемелерінде шприц жоқ. СПИД орталығы мен онкологиялық аурухана ине шығаратын жерігілікті зауыттан демеушілік көмек сұрауға мәжбүр. «Тапшылық туындауына денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті баға себеп» - дейді емдеу мекемелерінің басшылығы.
Автор: Жанат Молдашова
17.02.2023
Ал ол бағаны тым арзан деген компаниялар тауар сатудан бас тартқан. Жергілікті билік мәселені шешіп жатырмыз десе, денсаулық сақтау министрлігіндегілер бұдан бейхабар боп шықты.
Атыраудағы 40-қа жуық медициналық мекемеде шприц тапшы. Кейбірінде мүлдем жоқ деуге болады. Өйткені олар қаладағы зауыттан қарызға сұрап отыр. Есірткіге тәуелді емделушілеріне инені тегін беруге тиіс СПИД орталығы әр жерден көмек сұрауға мәжбүр. Бұған себеп – министрліктің бекіткен шекті бағасы дейді. «Баға өте төмен» деп, жеткізуші компаниялар тендерге қатысудан бас тартқан.
Қуаныш Нұрмұханов, Атырау облысы ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының директоры:
- Былтыр үштөрт рет салдық. Бірақ ешқандай да оған шыққан адам болмады. Себебі, шекті бағасы өте төмен. Арзан бағаға шприц бере алмаймыз дейді. ЖИТС орталығы болғаннан кейін бізде түйінді топ бар. Ол: есірткі тұтынатын, жыныстық қатынас көрсететіндер. Мысалы, өзіміздің профилактика бағдарламамен тегін таратуымыз керек. Бүгінде шприцтің болмауына байланысты төмендеп тұр.
Ал медициналық мекемелер көмек сұраған жергілікті шприц шығаратын зауыт бұған дейін миллиондаған дананы тегін беріп келгенін айтты. Мұндай тапшылық жыл сайын қайталана береді деп отыр. Бір қызығы, бұл Қазақстандағы жалғыз шприц шығаратын зауыт. Өз өңірінде жетпей жатса да, тауарын шетел асырып отыр. Отандық өнімнің нарыққа шықпауына биліктегі бюрократия себеп дейді зауыт басшылығы.
Аслан Кабдуллин, зауыт директоры:
- Медициналық мекемелер жыл сайын бізден көмек сұрайды. Миллиондап береміз. Бірақ олар бұл проблеманы ашып айтуы керек қой. Біз өнімімізді өз елімізге де өткізгіміз келеді. Бірақ, себеп – бюрократия. Егер отандық өндіріс деп ұзақ жылға келісімшарт жасаса, біраз мәселе шешіледі. Тапшылық болмайды.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы аймақтағы емдеу мекемелеріне шприц жетпей жатқанын растады.
Асхан Байдуалиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Соңғы кездері біздің аурухана, емханаларда шприц тапшылығы анықталып жатыр. Оның себебі: шприцпен қамтамасыз ету «СК Фармация» компаниясымен ұзақ мерзімді келісімшарты бар. Бүгінде «СК Фармация», өкінішке қарай, бізге қоя алмай жатыр. Негізі оны сатып алуға да біздің мекемелердің мүмкіндігі жоқ.
Алайда «СК Фармация» бұл шприцтерді біз сатып алмаймыз, әр мекеме өзі тендерге түседі деп отыр.
«СҚ Фармация» ЖШС баспасөз қызметі:
- Шприц бірыңғай дистрибьютор тізбесіне кірмейді. Сондықтан сатып алынбайды. Бірыңғай дистрибьютор тізбесін ҚР Денсаулық сақтау министірлігі бекітеді. Сатып алуға жататын тек төрт шприц түрі кіреді – 1 түрі инсулиндік және үшеуі вакцинацияға ғана арналған өздігінен жойылатын шприцтер.
Ал өңірдегі шприц тапшылығын «министрлікпен бірге шешіп жатырмыз» деген әкімдіктегілердің жауабын елордағылар жоққа шығарды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеден бейхабар. Медицинаға жауапты атыраулық шенеуніктер «бәрі жеткілікті» деген көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!