{metadescription}
Репортаж: Түркияда болған қазақстандық құтқарушылар түнде елге оралды
Репортаж: Түркияда болған қазақстандық құтқарушылар түнде елге оралды

Репортаж: Түркияда болған қазақстандық құтқарушылар түнде елге оралды

«Түркияда зілзаладан кейін іс-түзсіз жоғалған Қазақстан азаматтары тірі ме, әлі белгісіз. Әзірге ешкім іздеу салмады. Еліміздің сыртқы істер министрлігі бүгін осындай мәлімдеме жасады.

Ал Түркиядағы апат ошағына барып жеті адамның өмірін сақтап қалған қазақстандық құтқарушылар түнде елге оралды. Арнайы бортты елорда әуежайында  күткендер арасында КТК тілшісі де болды. 

Бұл түні асқар тау әке де, ардақты ана да, аяулы жар да жүрегі толқып әуежайдан табылды. Себебі Түркияның Газиантеп қаласынан аттанған ұшақ елорданың әуе қақпасынан келіп қонды. Туыс-туғандары құтқарушыларды қып- қызыл раушанмен күтіп алып, құшағына басты. Сын-сағатта кәсібилігін танытқандарға осылай құрмет көрсетілді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Небір қиындыққа қарамастан өз міндеттеріңізді кәсіби түрде атқарып келдіңіздер. Сондықтан сіздерге жеке өз атымнан алғыс айтамын. Мемлекет басшысы еңбектеріңізді атап өтті. Кейбіріңіз мемлекеттік, кейбіріңіз ведомстволық марапатқа ұсыныласыздар. Ешкімнің еңбегі ескерусіз қалмайды.

Қазақстандық құтқарушылар Түркияның Хатай, Газиантеп, Нұрдағы деп аталатын аймағында жұмыс істеді. 12 күннің ішінде азаматтарымыз 7 адамның өмірін құтқарды. Үйінді астынан 88 адамның денесін шығарған. Оның 10-ы – бала. Еңбек ескерусіз қалмады. Тіпті төрт аяқты көмекшілердің де. Алғаш болып құтқарушы иттер марапатталды.

Александр Адамбаев, құтқарушы:

- Бұның аты Гринпис, қысқаша «Гринья» деп айтамыз. Бордерколли тұқымынан. Жақында алты жасқа толады. Төрт жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Менің де, Гринпистің де ауқымды операцияға алғаш рет шығуымыз.

Құтқарушылардың екінші эшелоны құрамында жалпы саны 60 адам бар. Екі апталық жұмыс қажыта алмаған оларды бауыр еті балалары елжіреткендей ме, әйтеуір қапелімде аузына сөз түспей қалды. 

Ерден Қабылтаев, бас құтқарушы:

- Күніне 16 сағаттан жұмыс істедік. Тоқтаусыз, екі топпен. Ол жақтың жағдайы қиын. Алғашқы рет шығуым. Енді қолымыздан келгеннің бәрін жасадық.  

Қымбат Қабылтаева, құтқарушының жұбайы:

- Осы екі жұмада уайыммен дұға тілеп, аманесен оралсын деп отырдық үйде. Біз көпбалалы отбасымыз, негізінде, бізде төрт бала. Сол кішкентайымызды тастап, папамызды сағынғаннан кеп тұрмыз ғой.

Құтқарушылардың жақындарымен қатар елорда әуежайында Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екижи мырза да болды. Ол өз кезегінде өлім мен өмір мәселесінде ширақ қимылдаған қазақ құтқарушыларына түрік халқының атынан алғысын жеткізіп, мұндай жағдайлар бауырлас екі ел арасын одан әрі жақындастыра түседі деді.

Осылайша Түркиядан аман-есен оралған отандастарымыз үйіне тарқасты. Бірнеше тәулік бойы көз ілмеген олардың жақындары да енді көңіліміз жайланып ұйықтайтын болдық дейді. Ал төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құтқарушыларға кемі екі-үш күн демалыс берілетінін мәлімдеді. Одан соң қайтадан қым-қуыт жұмыс күтіп тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде