Күдіктілер көліктің есігіне жармасқан полицейді сүйретіп әкеткен – Жамбыл облысы
Жамбыл облысының Жаңатас қаласында қарулы топты тұтқындау кезінде полицей жазым бола жаздады. Күдіктілер есікке жармасқан тәртіп сақшысын сүйретіп әкеткен. Абырой болғанда әріптестері көліктің дөңгелегінен атып тоқтатқан.
Автор: Руслан Әбдіхалық
20.02.2023
Тәртіп сақшылары бұл көлікте қару-жарақ бар деген күдікпен соңына түскен. Қақпайлап, бір мәрте тоқтатып алады. Жүргізуші қайта сытылып шықпақ болғанда полицей бірден есікке жармасқан. Оны көлікпен ұзақ сүйреткен. Шыр-айналған Мерседестің доңғалағына оқ тигенде әзер тоқтады. Техника аялдамаға соғылған. Көлікте отырған төрт адам қаша жөнелгенімен, жүргізушісі сол жерде ұсталды. Оның қолында қаруы болған. Ал үш қашқын кейін тұтқындалды. Олар 26-31 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар. Көлікті басқарған азаматтың есірткі қолданғаны белгілі болды. Қазір бұл топтың қару-жарақты қайдан алғаны тексеріліп жатыр.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Күдіктінің автокөлігінен бір ауызды 12 калибрлі «МР153» маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 4 дана оғымен, бір ауызды 410 калибрлі «Сайга-410» маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 13 оғымен, 5,6 мм калибрлі Марголин тапаншасы 7 дана оғымен, 1 дана оққағар (бронежилет), 1 дана газ дыбыс гранатасы және асхана пышағы тәркіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!