«Алиса» қазақша сөйлейтін болды, ал Siri ....
«Алиса» қазақша сөйлейтін болды. Елімізде осы виртуалды көмекшінің мемлекеттік тілдегі нұқсасы жыл соңына дейін іске қосылмақ. Цифрлық даму миинистрлігі Ресейдің алпауыт компаниясымен ортақ мәмілеге келіпті. ІТ мамандары «Алисаға» өзге тілді тану үшін кемі 3 мың сөз жаттау керек екенін жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.02.2023
Ал Siri жасанды интеллектісін қазақша сөйлету оңай болмай тұр. Себебі, америкалық компания тіл танымалдылығы мен қолданыс аясының кеңдігіне аса мән береді.
Аplle компаниясы Siri-ді 12 жыл бұрын іске қосқан. Сол уақыттан бері жасанды интеллект әр адамның көмекшісіне айналды. Виртуалды роботтан көкейіңдегі кез келген сұраққа жауап аласыз. Siri әлемнің 30 тілінде сөйлейді.
- Сәлем, Siri!
- Бүгін қандай күн?
Бұл жүйе әзірге қазақ тілін танымайы. Сондықтан отандастарымыз дауыс көмекшісіне тек орыс тілінде сұрақ қояды.
- Привет, Siri!
- Сегодня какой день?
Екі апта бұрын Алматыдағы форумға қатысқан Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров та осы мәселені көтерген болатын. Себебі, америкалық компанияның өнімімен қоса «Алиса» да қырғыз бен қазақ тілін әлі күнге дейін білмейді.
Акылбек Жапаров, Қырғызстан Республикасының премьер-министрі:
- Мені «Алиса» мен Siriдің қырғыз немесе қазақ тілдерінде сөйлемейтіні толғандырады. Цифрлық әлемге енбеген тілдер жазу тіліне енбей қалған тіл тағдырын кешетінін барлығымыз түсініп отырмыз. Жасанды интеллект мүмкіндіктерімен қоса, мәселе әкелетінін ескеру маңызды. Сондықтан оның қоғамға әсерін белсенді басқару қажет.
Отандық ІТ мамандары осы олқылықтың орнын толтыру керек деп отыр. Олар жасанды интеллектіге мемлекеттік тілді енгізу аса қиын шаруа емес, тек қаражат пен жұмыс күші керек дейді.
Бек Сарбасов, ІТ маманы:
- ІТ маманы мен тіл маманы бәрін бірлесіп енгізіп отыру керек. Қалай дыбысталуы, грамматика. Бірақ ІТ мамандарына белгілі бір мотивация болу керек. Олар басқа шаруасын тастап, отыруы керек. Барлығы қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Министрлер немесе инвесторлар бұған келісе ме деген сұрақ. Ақша салуға және күш жұмсауға. Бастапқысын жасауға 5,10 мың доллар жеткілікті болуы мүмкін. Оны ары қарай дамыту да бар.
Siri-ді қазақша сөйлету үшін цифрлық даму министрлігі америкалық компаниямен талай мәрте келіссөз жүргізген. Әзірге нәтиже жоқ. Жауапты ведомство өкілдері мемлекеттік және тағы 9 түркі тілін танитын виртуалды жүйе өзімізде де бар екенін жеткізді. Оны Назарбаев университетінің ғалымдары ойлап тапқан. Яғни бұл модель адамның сөйлеген сөзін мәтінге айналдырады.
Ақнұр Қарабай, Назарбаев университеті ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының маманы:
- Біз бес түрлі дауысты дайындадық. Оны тексеру үшін университетіміздің сайтына кіруге болады. Сондайақ түркі тілдерін танитын жаңа модель ойлап таптық. Мәселен, сіз 10 түркі тілін араластырып сөйлейсіз. Дауыс тану жүйесі оны түсініп, сізге мәтін ретінде көрсетеді. Жаңа технология адамдардың қай тілде сөйлесіп отырғанын әпсәтте-ақ анықтап береді.
Қазақстанда "Алисадан" да кеңес сұрайтындар көп. Алты жыл бұрын пайда болған дауыс көмекшісі ақпаратты эмоциямен, әзіл-қалжыңмен де жеткізу мүмкіндігіне ие. Қазір Ресей компаниясының өнімін қазақ тіліне үйрету жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл шаруа шамамен жыл соңында аяқталады деп жоспарланған.
Ерсұлтан Ерманов, ҚР ЦДИАӨМ департамент директоры:
- «Алисаны» қазақша сөйлету үшін тіл комитетінің мамандары Яндекс компаниясымен ұдайы байланыста. Біздің ғалымдар дайындаған дауыс деректерінің ірі базасы да қолданылуы мүмкін. Техникалық жұмысқа мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Жоспар бойынша «Алисаның» қазақша нұсқасы 2023 жылы іске қосылады.
ІТ мамандары Aplle компаниясы тілдің қолданыс аясының кеңдігіне аса мән беретінін айтады. Ал қазақ тілі әлемдегі танымал тілдердің қатарына кірмейді. Сондықтан Siri-ді қазақша сөйлету әзірге мүмкін емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!