Тышқанды өлтіріп, оның іш құрылысын көрсеткен мұғалім жұмыстан кетті
Алматыда оқушыларға тышқанды өлтіріп, оның іш құрылысын көрсеткен биология пәнінің мұғалімі жұмыстан өз еркімен кетті. Полиция «жануарға қатыгездік жасау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.02.2023
Қаланың білім басқармасындағылар жаға ұстатарлық жайттан кейін жекеменшік мектептің ұжымына түсіндіру жұмысын жүргізген.
Бұл видео әлеуметтік желіні әп-сәтте шарлап кетті. Қызық көрген бір топ оқушы алдымен тірі тышқанды шиқылдатып басынан төпелеп ұрады. Кеміргіштің соңғы демі үзілген соң, скалпель ұстаған ұл-қыздар оның терісін сыпырып, іш құрылысын ашады.
Көпшіліктің жағасын ұстатқан оқиға төрт күн бұрын Алматыдағы жекеменшік мектепте болған. Білім ошағының басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Мектеп әкімшілігі мән-жайды түсіндіруді сұраған түсірілім тобынан құтылуға асықты.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биология пәнінің мұғалімі "анатомия және физиология" бөлімін қорытындылау мақсатында тірі жануарды оқу орнына алып келіп, оның іш-құрылысын оқушыларға көрсетуді ұйғарған. Алайда тәжірибелік сабағы шуға ұласқан соң педагог өз еркімен жұмыстан кетіпті.
Гүлназ Жотабаева, Алматы білім басқармасы, жалпы орта білім бөлімінің бас маманы
- Мәнжайды анықтау үшін Алматы қаласындағы №125 Алматы ЖШС қарасты жекменшік мектебіне барды. Мұғалімдеріне түсіндіру жұмысы жүргізілді. Аталған оқиға қайталанбайтындай және мектеп әкімшілігіне тәрбие жұмысын күшейту және оқушылардың бойында қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау, жануарларға қатыгездіктің алдын алу бойынша тәрбие жұмысына ұсыныстар берілді.
Жануарларды қорғаушылар мұндай келеңсіз жайт кәмелетке толмаған балалардың психикасына әсер етіп, қатыгездік сезімін оятады деген пікірде. Сондықтан еріктілер тышқанды азаптап өлтіруге жол берген мектеп директоры мен мұғалім заң алдында жауап беруге тиіс дейді.
Наталья Сульжик, жануарларды қорғау қорының президенті:
- Әрине, бұл – қылмыстық жауапкершілік. Мектеп басшысы мен мұғалім жазасыз қалмау керек. Оқушылардың ешқандай кінәсі жоқ.
Полиция мектеп қабырғасында болған оқиғадан кейін «жануарларға қатыгездікпен қарау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!