Елімізде 250 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр
Бөбекжайға сыймаған бүлдіршіндер. Елімізде 250 мың кішкентай балабақша кезегінде тұр. Әсіресе ірі қалалардағы кезек тым көп. Ата-аналар оны жылдар бойы күтуге мәжбүр. Тіпті кезек алға жылжудың орнына, кері кетіп бара жатқан жағдай да аз емес.
Автор: Елдос Есенбол
21.02.2023
Мұндай жағдайдың кездесетінін оқу-ағарту министрлігі де жоққа шығармайды. Белгілі бір топ өкілдерінің балалары кезектен тыс қабылданады деп түсіндірді. Мысалы: құқық қорғау органдарының, әскерилер мен арнайы қызмет өкілдерінің, ерекше қамқорлықтағы бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндері. Бұл қатарға педагогтер де кіреді. Қазір республика бойынша жалпы саны 11 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оған 1 миллион 115 мың бала барады. Бірақ олардың барлығы бірдей қауіпсіз емес. Бұған дейін ішкі істер министрлігі елдегі 3 мыңнан астам мектеп пен 4 мыңнан астам балабақшаның лицензияланған күзеті жоқ екенін айтқан. Мұның себебі жергілікті қазынадан бөлінетін қаражаттың аздығынан деген еді. Өйткені арнайы күзет ұйымдарының алатын ақысы да аз емес. Әзірге оқу-ағарту министрлігіне бірінші кезекте орын тапшылығы мәселесін шешу қажет.
Наталья Жұмаділдаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, мектепке дейінгі білім департаментінің директоры:
- Алдағы үш жыл ішінде шамамен 222 340 жаңа орын ашылады деп жоспарланған. Соның арқасында 2028 жылға қарай 26 жас аралығындағы барлық мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз оқыту, тәрбиелеу орталықтарына орналасуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!