Мегаполистерде мектеп жетіспейді
Үлкен қалаларда балабақшада ғана емес, мектепте де орын тапшы. Мәселен, Астанада 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, 18 білім ошағы балаға лық толы.
Автор: Айғаным Достанбай
21.02.2023
Жыл сайын елордада оқушылар саны шамамен 21 мыңға артады дейді қалалық білім басқармасының басшысы. Бұл Астанада әр оқу жылында 10 су жаңа мектеп қолданысқа берілуі керек деген сөз. Қазір елордада 236 мың баланы қамтып отырған 162 жалпы білім беретін мектеп бар. Сондай-ақ қаладағы 2000 жылға дейін бой көтерген мектептер ескіріп, тоза бастаған. Іргелері шөге бастаған мұндай білім ошақтарын дереу кешенді жөндеуден өткізбесе болмайды дейді Қасымхан Сенғазиев. Заманауи үлгідегі технологиямен жабдықтау көзделуде. Оған білім басқармасы арнайы жоба әзірлеген.
Қасымхан Сенғазиев, Астана білім басқармасының басшысы:
- Білім беру ұйымдарының ғимаратын күрделі жөндеу заманауи энергия үнемдейтін технологиямен жабдықталады. Бұл ескі инженерлік жабдықты жаңасына ауыстырып қана қоймай, ғимараттың сыртқы келбетін өзгертуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тек оқу кабинеттері ғана емес, жоба аясында заманауи кең кітапхана, фойе мен дәліз, спортзал және акті залы мен мектеп асханасы да жаңартылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!