{metadescription}
Маңғыстау облысында Баянды ауылы арақтан бас тартты
Маңғыстау облысында Баянды ауылы арақтан бас тартты

Маңғыстау облысында Баянды ауылы арақтан бас тартты

Арақ сатылмайтын ауыл. Маңғыстау облысында бүтін бір елдімекен халқы ащы судан бас тартыпты.Баянды ауылында той-томалақ пен кез келген отырыс спирттік ішімдіксіз өтеді. Себебі жергілікті дүкендерде арақ-шарап мүлде сатылмайды. Ол үшін полиция, әкімдік және кәсіпкерлер үш жақты меморандумға қол қойды.

Сегіз мыңға жуық тұрғыны бар Баянды ауылында 9 дүкен бар. Барлығы меморандумға қол қойылғалы бері сөрелерінен алкоголь сусындарды алып тастаған. Бұл бастама ауылда мас күйде жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алып, үлгілі ауыл ретінде таныту мақсатында жасалып отыр.

«Баяндыда арақ сатылмайды» деген жаңалыққа алғаш болып қуанғандардың бірі – Оралбай ақсақал. Қария соңғы кездері ауылдағы той, мерекелерде дастарханға арақ қою онсыз да сиреген еді дейді. Енді тіпті тыйым салынып отыр.

Оралбай Аллабергенов, Баянды ауылының тұрғыны:

- Дұрыс шешім деп ойлаймын. Қазір мереке өткеруде жас балдар ішіп алып түрлі жағдай болып жатыр. Сол үшін осыны қолдаймын. Көбісі шұбат пен қымызбен өткізіп жатыр. Жастарға үлкен сабақ болады деп ойлаймын.

Бастаманы көтерген тәртіп сақшылары екен. Себебі былтырдың өзінде Мұнайлы ауданында мас күйде жасалған 60-қа жуық қылмыс тіркелген. Соны азайту үшін ауылда арақ сатуды доғарайық деп шешкен. Оны әкімдік те дүкен ұстайтын саудагерлер де қолдай кетіпті.

Рүстем Аяпов, Баянды ауылының учаскелік полиция инспекторы:

- Ішімдік ішіп жасалатын қылмыстардың ауданымызда көбеюіне байланысты, соның алдын алу мақсатында алғашқы ісшараны Баянды ауылында бастадық. Болып жатқан қылмыстың бәрі, 80 пайызы ішімдік ішкен күйде болады. Түсіністікпен қарап жатыр, жеке кәсіпкерлер. Сегіз азамат араққұмар есебінде тұр.

Бектұрлы Ыбыраев, Баянды ауылы әкімінің орынбасары:

- Ауылдағы кәсіпкерлерге рақмет айтамыз. Идеяны қолдағанына. Алдағы уақытта қылмыс азаяды деп үміттенеміз. Ересектерге спортты қолдау мақсатында стрит воркаут үш жерде орнатылды. Тағы екі жерге орнатамыз деген жоспар бар.

Ал ауылда арақ сатқандар ешқандай жауапқа тартылмайды. Мұның барлығы ерікті түрде жасалып отыр дейді полицейлер. Дүкен сатушылары да үлгілі ауыл болу үшін ережені бұзбаймыз деп отыр.

Алмагүл Іліпбаева, кәсіпкер:

- Біз тек сыра сататын едік. Алкоголь жоқ бізде. Қолдаймыз, әрине. Осындай шешім қабылдағанына. Естігенде таң қалдым. Қызық болдым. Бірақ ол шешімді қолдаймын. Қосыламын. Үлгілі ауыл болғанға не жетсін! Сыра сатқаным да, сатпағаным да халықтың мүддесі ғой.

Әкімдіктегілер арақтан бас тартқан Баянды ауылы үздіктер қатарына кіретініне сенімді. Тіпті ауылда мәдениет пен спорт саласын мықтап қолға алып дамытуды жоспарлап отыр. Қазір спорт кешенін салуға құжат дайындалып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде