Серік Жұманғарин: «Маған жала жауып отыр!»
«Маған жала жауып отыр!» Он бірдей пәтерді пара ретінде алды деген ақпаратқа қатысты бүгін вице-премьер әрі сауда және интеграция министрі осындай жауап қатты. Ақпарат таратқандармен адвокатым айналысып жатыр дейді Серік Жұманғарин.
Автор: Елдос Есенбол
22.02.2023
Өткен аптада интернет арналардың бірі оны Ақтөбе қаласынан құны 60 миллион теңгеге жуықтайтын 10 пәтерді ауысбастырық ретінде алды деп айыптаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарған тұста Жұманғарин әлдекімдердің мүддесін қорғады деп ақпарат таратқан болатын. Сауда министрі ол пәтерлердің шынында өзіне тиесілі болғанын растады. Бірақ ешқандай да пара емес. Ол үйлерді өзі құрған бизнес компаниясы тұрғызыпты. 35 жасыма дейін жеке кәсіппен айналыстым деген Серік Жұманғарин, кейін үйлерді сатқысы келгенмен, алатын адам табылмапты. Сондықтан өз атыма аударып алуға тура келді дейді вице-премьер.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:
- Ол үйлерді 2007 жылы салып бастаған едік. Бірақ сол бір жылдары ипотекалық дағдарыс болып құрылыс біраз тұралап қалды. Жеке шаруамды реттеу үшін 2011 жылы мемлекеттік қызметтен кетіп қалдым. Әйтеуір инвесторлар тартып, 2012 жылы ғана үй құрылысын бітірдік. Бірақ пәтерлердің аумағы үлкен болғандықтан ешкім ала қоймады. Заңды тұлғаларға салық көбірек, оның зияны компанияға тиіп жатты. Сондықтан 2016 жылы пәтерлерді өз атыма аударуға тура келді. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!