{metadescription}
Алматы облысы жұртының малын ұрлағандар ұсталды
Алматы облысы жұртының малын ұрлағандар ұсталды

Алматы облысы жұртының малын ұрлағандар ұсталды

Алматы облысының төрт ауданында ел-жұрттың малын ұрлағандар ұсталды. Жұрттың есебінше, бір Ұйғыр ауданының өзінде былтырдан бері 700-ден астам ірі қара қолды болған. Малды өрістен де, тіпті қорада байлаулы тұрғынан жерінен де үптеп кететін болды дейді тұрғындар.

Тігерге тұяғы қалмай әбден ашынған жұрт енді сол ұрылардың қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Көз ашқалы бері ата кәсіппен айналысып келген Бақтияр Райымбай барымташылар көбейгелі бері күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылған. Жалғыз ауыл емес, бүкіл ауданда мал ұрлығы дендеп тұр. Жігіт ағасы қазір қыбыр еткен дыбыс естісе, атын ерттей сала ірі қарасын іздеуге шығады. Өйткені күндіз болсын, түн болсын, жайылып жүрген жерінен де, тіпті қорадан да үптеп кететін ұрылардан әбден қорлық көрген. Осы уақытқа дейін 2 сиыр, 1 жылқы, 12 қойынан айырылыпты.

Бақтияр Райымбай, Бахар ауылының тұрғыны:

Таң атқанша ұйқы жоқ. Ит үрсе, тықыр етсе, далаға жүгіріп шығып, таң атқанша ұйқы жоқ. Қиын жағдай болып жатыр. Арғы диқаншылық алаңда бес бас сиыр жоғалды. Түн ішінде келіп басып кеткен. Көршілер қузау салып жүріп ұсталыпты. Сол сияқты басқа ауылдарда да көбейіп жатыр.

Малы ұрланған тұрғындар Ұйғыр ауданы әкімдігінің алдына жиналды. Олардың есебінше, ауданға қарасты 14 ауылдан былтырдан бері 700-ден астам ірі қара ұрланған. Ал ұрылар қолға түссе де, босап кетіп жатыр деп күдіктенеді. 

Әлтай Әлмақын, Ұйғыр ауданының тұрғыны:

Өрісте баққызып қойған жерден бір түнде айдап кетті, жетеуін. Кейін төртеуін атыпатып, сойып алып кетті. Оның бұзауы қалған. Оның басына ішінен шыққан бұзауын парлап-парлап қойған. Көлік ізі сайрап жатыр. Пышағы, қолғабы қалған. Не ол ұрылар сұралмайды. Қолға түскен ұрыны жібере салады. Біріне-бірі сілтейді. Біздің күмәніміз бар, балық үндес, бақа тілдес болып жатыр ма деп.

Тәртіп сақшылары Ұйғыр ауданында мал ұрлығымен айналысатын үш күдіктінің ұсталғанын жеткізді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Дегенмен күдіктілер көп ұзамай үйқамаққа ауыстырылған екен.  

Серік Шалқаров, Алматы облысы ПД бастығының орынбасары:

Үй қамақта болғанымен, олардың сотқа қылмыстық ісін зерделеп жатырмыз. Жәбірленушілер бізге тағы да басқа фактілер туралы айтқан. Менің де малым ұрланды, оның өзінің әдісі бар, сойып кетені, атып кеткені бар. Сол арыздарды қарап жатырмыз. Ол қылмыспен өте ме, өтпей ме. Сол қылмыстық істі зерделеп, тергеу жүргізіліп жатыр.

Құрықталған үш күдікті қылмысын толық мойындаған. Енді олар кемінде бес жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін дейді тәртіп сақшылары. Ал малынан айырылған ауылдағылар ұрлық осымен тыйылса деген тілекпен ғана отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде