{metadescription}
Наразылық: Ұйғыр ауданындағы жайылымды бай-бағландар иемденіп алған
Наразылық: Ұйғыр ауданындағы жайылымды бай-бағландар иемденіп алған

Наразылық: Ұйғыр ауданындағы жайылымды бай-бағландар иемденіп алған

Ауыл-аймақ маңындағы жайылым жерлерді танысы бар бай-бағландар мен дөкейлер иемденіп алған. Алматы облысы Ұйғыр ауданының тұрғындары осылай деп наразы.

Ата кәсібімен ғана жансақтап жүрген жұрттың бірі бөлігі өзгенің тықыр жерін жалға алып, шарасыздан түлігін сонда жайып жүрсе, өзгесі тіпті же тапшылығынан малын қорада ұстауға мәжбүр. 17 мың гектардан аса жер игерілмей бос жатқанын мойындаған әкімдіктегілер жыл соңына дейін мәселе шешіледі деп уәдені үйіп төкті.

Қытайдан 2008 жылы көшіп келген Жұмәлі Қаналқанның күнделікті тіршілігі осы. Өзінің не жайылым, не егістік жері жоқ. Шарасыздан қазір азды-көпті жері бар таныс-тамыр мен туған-туысқа жылына бір-екі бас мал беріп, солардың жеріне төрт түлігін кіргізіп амалдап отыр. Қазірге дейін жинаған 100 бас сиырын бір бөлек, 700 бас қойын бір бөлек тықыр жерге жайып жүр. Өйткені ауыл маңы түгел жекенің қолына кеткен дейді.

Жұмәлі Қаналқан, Ұйғыр ауданының тұрғыны:

Оңай емес. Базымнан Бахардың астына дейін бағамын.Жетісегіз  шақырым жерге айдап келіп бағып, кешке айдап кетемін.Арықтайды ғой. Шұбырынды болады. Талай жерге келеміз. Таңертең кеткелі, кешке жақын бірақ барамыз үйге. Өлім-жітімі де көп болады, кешке дейін шұбыртып алысқа айдай бергеннен кейін. Тоқты болдырады, кәрі қой өледі.

Жер мәселесі жалғыз Жұмәліні ғана емес, Ұйғыр ауданына қарасты 14 ауылдың халқын түртіп отыр. Төрт түлікпен күнелтіп келген тұрғындардың кейбірі тіпті ұлтарақтай жер таппай малын қораға қамап, қолдан шөп беріп амалдайды. Әбден мезі болған бұқара әкімдікке тағы да базынасын айтып келді.

Әсенжан Мырзақожаұлы, Ұйғыр ауданының тұрғыны:

Бір гектар да жеріміз жоқ. Қолда мал бағу қолайсыз. Жер болмағаннан кейін шөп сатып аламыз. Шөп те қымбат. Төрт гектардан, бес гектардан жер алып, оны пайдаланбай жатыр. Қалаға көшіп кеткен. Жер жатыр. Әкімдіккке кіріп жер сұрасаң, ол жерді 49 жылға алып алған жердің иесі бар дейді. Не ол жерді пайдалнбайды. Қурайсурай басып жатыр. Пайдаланам деген адамға жер бермейді.

Шалқар Қаналқан, Ұйғыр ауданының тұрғыны:

Әкімдікке барамыз, олар лесхозға жібереді. Лесхоз тағы бір жерге жібереді. Сонымен ары жүгіреміз, бері жүгіреміз. Бос жер жоқ дейді. Конкурске қатысамыз, одан бәрібір ұта алмаймыз. Шамасы жеткендер алып жатыр ғой, танысы барлар. Біз сияқты қарапайым шаруа ешкімді танымайды.

Аудан әкімін орнынан таба алмадық. Қол астындағылар оның іссапармен өзге қалаға кеткенін жеткізді. Жұрт жер жеткіліксіз десе, ақ жағалылар жеткілікті деп әңгімені бастады. Бірақ кейіннен мал басы көбейгесін, жердің жетпей бара жатқанын растады. Сондықтан биыл көктемде 50 мың гектарға жуық  жер халыққа беріледі дейді әкімдіктегілер.

Юлдашжан Миталипов, Ұйғыр ауданы ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі басшысының орынбасары:

Жайылым тапшылығы жоқ. Өйткені бізде 126 мың гектар жер шаруа қожалықтың есебінде тұр. Одан сырт 39 мың гектар ауылдық округ жерлерінде ортақ жайылымда тұр. 214 мыңға жуық гектар запаста тұр. Көбіне малмен айналысқаннан кейін, соларға жетпегеннен кейін, соларға шығарып беріп жатырмыз.

Ұйғыр ауданы бойынша 17 мыңнан аса гектар жер мүлде игерілмей құр, бос жатыр дейді. Алдағы уақытта сол жерді халыққа конкурс арқылы бермек екен. Осылайша жыл соңына дейін ауданда 100 мыңға жуық гектар жайылым жер болады деп сендірді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде