{metadescription}
СҚО-да жауын соңы алай-дүлей боранға ұласты
СҚО-да жауын соңы алай-дүлей боранға ұласты

СҚО-да жауын соңы алай-дүлей боранға ұласты

Ақпанда ауа райы мың құбылып тұр. Кеше ғана солтүстікте жаңбыр жауып көшелер жылтыраған көкмұзға айналған. Енді жауын соңы алай-дүлей боранға ұласты. Ақтүтек боранда қарыс қадам көрінбей, республикалық және облысаралық тас жолдар жабылды.

Ақмола мен Ақтөбе облыстарында жүздеген көлік діттеген жеріне жете алмай қаңтарылып тұр. Құтқарушылар күндіз-түні жолда қалғандарды қауіпсіз жерге жеткізумен әлек. Ал қары қалың, қысы қатты Семейге биыл көктем ерте келді. Өңірде қар еріп, қызыл су сай-салаға симай жатыр.

Қатты бұрқасын және де көктайғақ. Осыған орай республикалық Астана-Петропавл бағытындағы, Астана –Щучинск тас жолы жабық. Сіздерден шет мекендерге шықпауларыңызды сұраймыз.

Ақмола облысының әрбір ауданынан құтқарушылар осындай ескертуді толассыз жіберіп, сақтық шараcын күшейтуде. Соған қарамастан жолда қалған жүздеген көлік діттеген жеріне жете алмай жатыр. Өйткені кешеден бері 8 республикалық, 8 облыстық маңызы бар жол  жабылған. Құтқаругшылар алай-дүлей боран мен көктайғақтан 220 жеңіл, 300 жүк көлігін алып шыққан. Сондай-ақ 45 адам жылыту бекетіне жеткізіліпті. 

Ақтөбе облысында да боран басылмай тұр. Бұл өңірде де бірнеше күннен бері жолдар жабық.Ұйытқи соққан қардан ештеңе көрінбейді. Күні бойы  600-дей жеңіл көлік,  мыңнан аса жүк көлігі мен 23 жолаушылар автобусы кептелісте сағаттап тұрып қалған. Осы күні Жарық ауылына жүкті келіншекке жедел жәрдем жете алмаған. Құтқарушылар арнайы техникамен барып, науқасты аудандық ауруханаға жеткізгенімен, әйел түсік тастапты. Жолда қалған 520 адамды жылы жерге жеткізді. Олар ауылдардағы мешіт пен мектептің спорт залдарына орналастырылған.Олардың арасында 250 шетел азаматы бар.

Әнуар Ахметалин, Ақтөбе облысы ТЖД қызметкері:

Эвакуацияланған адамдар жылыту пункттеріне орналастырылды.Сонымен қатар Ақтөбе облысындағы бірқатар аудандарда апаттан құтқару жұмысы жүргізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен қар құрсауында қалған автокөліктерден 13 адам құтқарылды.

Ақпанда ақ боран соғып, астан-кестең болып жататын  Семейге көктем келген сияқты. Қардың күрт еруінен шаһар көшелері көлкіген суға айналды. Коммуналдық мекеменің арнайы техникалары  орталық көшелерді қалпына келтіріп үлгергенімен, шеткі шағын аудандардың тұрғындары жол азабын тартып отыр. Тасқын төнген аумаққа инерттік материалдар жеткізіліп, сақтық шаралары күшейтілуде. 

Әділбек Уасылов, Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

Он шақты арнайы техника жұмылдырылды. Және де, су ағар кәріздердің құдықтарын тазалап жатыр. Қар шығару жұмысы қыс бойы жүргізілді.

Қазір Көкшетауда күн шайдай ашық. Бірақ қала сыртында көктайғақ, боран әлі басылған жоқ. Жергілікті синоптиктер алдағы демалыс күндері күн қатты суытып, 23-25 градусқа дейін аяз болады деп болжауда. Бұл аздай өңірде қатты жел соғады. Ал келесі аптада күн жылынып, жауын жауады дейді ауа райын болжаушылар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде