Ұйғыр ауданында қыруар қаржы бөлген спорт-сауықтыру кешені құлай бастады
Миллиардты та маңдытпады. Алматы облысында осыдан төрт жыл бұрын бюджеттің 1 миллиард 98 миллион теңгесіне салына басталған спорттық-сауықтыру кешеніне Ұйғыр ауданының тұрғындары әлі күнге дейін кіре алмай жүр. Өйткені нысан құрылыс бітпей жатып құлай бастаған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
24.02.2023
Сөйтсе жобалаушы компания қателік жіберген, ал құрылыс компаниясы жұмысты сапасыз жүргізгенімен қоса, жобадан ауытқып кеткен . 2021 жылы екі компания да әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ құрылысты қадағалау керек болған мамандар да айыппұл арқалады. Қазір нысанның тек 45 пайызы аяқталып тұр. Енді қыруар қаржы кетіп, жарты жолдан тоқтап қалған дене шынықтыру-сауықтыру кешені қашан ашылады?
Шелектің ішіне тас салып бірнеше мәрте көтеру Айдос Сұлтановтың балаларына үйреншікті жаттығу. Өзінің жаны спортқа жақын болғасын, ұлдарының да мығым болғанын қалайды. Осыдан 4 жыл бұрын дәл үйінің жанындағы спорттық-сауықтыру кешені соғыла бастағанда жігіт ағасы қатты қуанған еді. Бірақ құрылысы бітпей жатып құлап қалған соң, балаларына темір-терсектен батпантас, белтемір жасап қойған. Қазір бес ұлы осы құралдармен жаттығып жүр.
Айдос Сұлтанқұлов, Шонжы ауылының тұрғыны:
- Үмітіміз мол еді. Жаңа мамандар келеді деп естідік. Жақсыжақсы жоғары деңгейлі мамандар келеді деп естідік. Салынған кезде қуанғанбыз. Балаларымыз сол жерге барып, денесін шынықтырып, республикада, дүниежүзінде өнерін көрсетеді деп үміттенгенбіз. Құлады да, арты жоқ болды.
Расында да құрылысы сонау 2019 жылы басталған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің сиқы мынау. Құжат бойынша нысанға бюджеттің 1 миллирдтан астам теңгесі жұмсалады деп көзделген. Оның 750 миллионға жуық теңгесі төленіп те қойыпты. Бірақ бір жылға жетпей, ғимараттың құрылымдары құлай бастаған. Арада бақандай үш жыл өтсе де, құрылыс әлі тоқтап тұр.
Аудандағы атқамінерлердің сөзінше, осы сауықтыру орталығының құрылысы биыл қаңтар айында басталуы керек еді. Алайда біз бұл жерден күзетшіден басқа бір тірі жанды таба алмадық. Айнала тым-тырыс, нысан сол қалпы тұр.
Ұйғыр ауданының шенділерінен мардымды жауап ала алмадық. Тапсырыс беруші Алматы облысының құрылыс басқармасы екен. Олардың айтуынша, жобалаушы компаниямен қоса, құрылыс компаниясынан да қателік кеткен.
Сапар Нұрашев, Алматы облысы құрылыс басқармасының басшысы:
- Зерттеу нәтижесі бойынша жобалаушы компания «Жезқазған проект» компаниясы және мердігер «Лидер-НК» компаниясы. Жобалау компания тірек құрылғыларын жобалаған кезде есептен қателік кеткен. Ал мердігер компания жұмысының сапасы төмен болған. Тірек құрылғыларының жобаға сәйкес жасалмаған.
Айтуынша, мердігер компанияның қыруар қарызы болған. Жосықсыз құрылыс компаниялардың тізіміне де енген екен. Сондай-ақ спорттық-сауықтыру кешені бойынша сол кездегі құрылыс басқармасының орынбасары жауапқа тартылған. Кейін тіпті жұмыстан босатылыпты. Енді әкімдіктегілер конкурс өткізіп, жаңа құрылыс компаниясымен дене шынықтыру және сауықтыру кешенін келесі жылы толық бітіреміз деп сендірді. Әдетте уәдені үйіп-төгіп, кейін тайып кететін әкімдіктегілер осы жолы сөзінде тұра ма, әлде қайтадан сол былық қайталана? Оны енді уақыт көрсетеді. Бастысы, көрінген жерде темір көтеріп жүрген ауылдағы балалардың тәуір ғимаратта жаттығамыз деген арманы салы суға кетпесе болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!