Көксарай су қоймасы қос бірдей өңірдің шенділерін шекістірді
Көксарай су қоймасындағы су деңгейі бүгін қос бірдей өңірдің шенділерін сенаторлардың көзінше шекістірді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Көксарай су реттегіші ернеуінен асуы мүмкін деп, қауіп барын ескерткен болатын.
Автор: Айғаным Достанбай
01.03.2023
Ал су тасыса, оның жолында 14 мың адам тұрып жатыр. Бірақ Арман Жетісбаевтың бұл уәжімен Қызылорда облысындағы әріптесі келіскен жоқ. Көксарайдың суына ала жаздай мұқтаж Қызылорда облысы әкімінің орынбасары су реттегішке 2 млрд текше метр су емін-еркін сыяды деген сенімде. Сонымен сенаторлар кімнің сөзіне иланды?
Көктем жақындаған сайын шенеуніктер күлтөбеде күнде жиын жасап жатыр. Кеше үкіметтегілер, бүгін Жоғарғы палатаның комитеті тасқынға дайындықты тағы бір пысықтады. Қыс бітпей жатып Түркістан облысында бірнеше ауыл мен аудан еріген қар суын кешуге мәжбүр. Әкім орынбасары бүгін Көксарайдың да ернеуінен асуына сәл-ақ қалғанын айтып жауаптыларға ескертті. Бетін әрі қылсын, Көксарай таситын болса, оның зардабын етегіндегі 14 мың халқы бар елдімекен тартуы мүмкін екен.
Арман Жетпісбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
- Сырдария өзенінің төменгі су ағысындағы Көксарай су реттегішінің сыйымдылығы 3 млрд текше метрді құрайды. Бірақ 2022 жылы Көксарай дамбасының жайкүйін зерттеу барысында 1,8 млрд тан артық су жинау мүмкіндігі жоқ екені анықталған. Қазір су көлемі бұл деңгейден 10 млн текше метрге асты. Қазірдің өзінде қорғаныс бекетіндегі ыза сулардың шығуы көбейіп, бөгеттің төменгі жағынан су құммен шыға бастады.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімдігі Көксарайға бұдан артық су толтырудың қажеті жоқ деп орталық аппаратқа ұсыныс айтыпты. Бірақ баяндаманы тыңдап отырған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары әріптесінің сөзімен келіскен жоқ. Көксарай 2 млрд текше метр суды ұстап тұруға қауқарлы дейді. Себебі:
Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
- Көксарайдың жағдайын да білеміз. 1 млрд 800 деп айтты. Фильтрация бар дегендей. Бірақ біз мамандармен сөйлесіп, қажет болған жағдайда 2 миллиардқа дейін баратын резерві бар.
Осы ретте қос өңірдің шаруашылығына жауапты әкім орынбасарлары сөзбен шекісіп қалды.
Арман Жетпісбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
- Ауыл шаруашылығына пайдалануға көршіден көбіреу су алу керек деген әріптестеріміздің ниетін түсінеміз. Бірақ оның өз мақсаты бар, ол соған сай қолданылуға тиіс.
Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
- Әріптесімді толық қолдаймын. Көксарай контрреттегіш ретінде жұмыс істеуі керек. Тек өздеріңізді де қарап қойыңыздар, сіздер Көксарайдың төңірегін пайдаланып отырсыздар. Біз оның 100% ереже бойынша жұмыс істегенін қалаймыз.
Оңтүстіктегі ең ірі су қоймасы Шардараның да жағдайы алаңдатарлық. Қазір оның 98 пайызы толып тұр. Сенаторлардың дерегінше, ондағы судың көлемі тиісті нормадан екі жарым есеге көп. Жергілікті тұрғындар дабыл қаққанымен, уәде етілген жұмыс тобын күте-күте көктем де келді. Шардара таситын болса, бір ғана Қызылорда облысында 120 мың халқы бар елдімекен су астында қалуы мүмкін.
Төтенше жағдайлар министрлігі тасқынға әзірлік бойынша әкімдіктерге 188 ескерту жолдаған. Оның 113-і Павлодар облысына тиесілі. Төтеншеліктердің қара тізімін Түркістан мен Ақмола облыстары түйіндеп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!