Жаңа заң: 35-ке дейін жас саналатын болды
Отыз беске дейін жастар санатында! Бұған мүмкіндік беретін жаңа заң бүгіннен бастап күшіне енді. Бұрын Қазақстанда жас деп 29-ға дейінгі азаматтарды айтатын болсақ, енді бұл көрсеткіш 35 жасқа дейін өсірілді.
Автор: Елдос Есенбол
01.03.2023
Осы талапқа сай келетіндер баспана кезегіне тұрып, арнайы грантқа да өтінім бере алады. Жаңа заңды 30 жастан асқан жастар қалай қабылдады?
Ербұлан Әбдіғалиев 13 жылдан бері металлург болып еңбек етіп жүр. Отыздың екеуіне келген азаматтың басында басыбайлы баспанасы жоқ. Қолымды мезгілінен кеш сермедім деп жүргенде жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту өшкен үмітін қайта жағыпты. Енді жас маман болып баспана алсам деген ниеті бар. Бұл жаңалыққа дайын үй алғандай қуандым дейді.
Ербұлан Әбдіғалиев:
- Менің де жасым 32-де. Жас маман, жас деп есептелем. Өйткені өзім металлург мамандығында жұмыс істеймін тау-кен өндірісінде. Жас мамандар ,жастар үй кезегіне тұрған жағдайда 29 жаста кезегі келіп үлгермей қалуы мүмкін. Ендігі таңда 35-ке дейін созып отыр. Бұл деген қаншама жастардың үй кезегінде тұрған үлкен мүмкіндік деп есептеймін өз басым.
Ербұлан секілді азаматтардың қуануына себеп Жастар саясаты жөніндегі жаңа заңның күшіне енуі. Енді елдегі жастардың жасы 29-дан 35-ке дейін созылды. Бұл дегеніңіз 35-тен аспағандар мемлекеттік бағдарламамен берілетін үй кезегіне тұра алады. «Астана жастары», «Алматы жастары» деп аталатын арнайы жобаларға да жол ашылады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Кезектегілер саны да күрт көбейеді. Себебі елдегі жастардың саны 6 миллионға бір-ақ жетті. Жаңа заңның баспанадан да басқа артықшылықтары жетерлік.
Қайрат Баймолдинов, ҚР Ақпарат және қоғамдық министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:
- Жоғары білім министрлігі тарапынан жастарға арнайы ғылыми грант береді. 35-ке дейін сол гранттарға ие болуға мүмкіндік бар. Жастарға арналған арнайы «Дарын» мемлкеттік сыйлығы бар. Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бар. Сол грант арқылы 3 миллион теңге алуға болады.
Ол қаражатты бизнеске, медиа жобаларға жаратуға болады. Ал егер 3 миллионды аз десеңіз, кәсіп бастаймын дегендерге жеңіл несие де бар дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Айжан Жапалбаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Жастарға арналған жаңа жобалардың бірі — жеңілдетілген несие. Бағдарлама бүгіннен басталады. Шарттары: 5 миллион теңгеге дейінгі сома 5 немесе 7 жылға беріледі. Қанша алатыныңыз жасайтын кәсібіңізге байланысты. Несиені алу үшін аграрлық кредит корпарацияларға өтініш беруіңіз керек.
Әйтеуір екі қолға бір күрек іздегендерге бұл да мүмкіндік. Айта кетейік, өткен жылдың қортындысы бойынша елдегі жұмыссыз жастар саны 69 мыңға жуықтайды. Енді жастар 6 миллионға дейін көбейгенде бұл көрсеткіштің қаншалықты өскені белгісіз.
Ал жас отбасы болып басыбайлы баспана немесе жалдамалы пәтер аламын десеңіз, өзіңіздің де, жұбайыңыздың да жасы 35-тен аспауы керек. Отбасының бір мүшесі талапқа сай келмесе, жас жанұя болып үй алу мүмкіндігіңіз нөлге дейін төмендейді. Себебі өлшемдерге дөп келер немесе келмесіңізді жергілікті билік мекемелері жіті тексереді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!