Семейліктерге шатырдағы сүңгілер қауіп төндіріп тұр
Семей тұрғындары төбеге қарап жүруге мәжбүр. Себебі, қаладағы ғимараттар шатырындағы қар мен мұз күрелмеген. Тұрғындар төбеден төнген сүңгілер біреуді жазым ете ме деп қорқады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
01.03.2023
Светлана Жақыпова, Семей қаласының тұрғыны:
- Үйлердің жанына көп жақындамауға тырысамыз. Әсіресе балалар үшін қорқынышты. Шатырдан мұз бен қар құлайтын болса жазым қылады.
Шаһардағы көпқабатты үйлердің шатырына ұзындығы жарты метрге жететін мұз қатқан. Тіпті кейбірі жоғарғы қабаттағы балкондарды көлегейлеп тұр. Абырой болғанда әзірге зардап шеккендер жоқ. Дегенмен ғимарат қаншалықты биік болса, одан құлайтын мұз бен қар да тым қауіпті екен. Атқамінерлер төбені тазартуға пәтер иелері кооперативі жауапты дейді. Алайда олар да жұртқа тек ескерту жасаумен ғана шектелуде. Өйткені шатырдағы мұзды түсіруге арнайы техника жалдауға қаражат жоқ дейді.
Альфия Яфарова, пәтер иелері кооперативінің басқарушысы:
- Екі жыл бұрын лифт жалдадық. Сол кезде бір сағаттық жұмысы 5 мың болатын. Қазір бұл шамамен 10 мың. Мысалға мен 19 үйге қараймын. Әр үйдің шатырындағы мұз бен қарды түсіруге қомақты қаражат керек. Оған жұмсайтын ақшаны біз таба алмаймыз. Қолымызда көк тиын жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!