Елімізде азық-түлік арзандауы мүмкін
Елімізде азық-түлік арзандауы мүмкін. Бүгін Сенатта қаржы министрі осындай болжам жасады. Доллар бағамының түсуі азық-түлік құнының арзандауына әсер етеді дейді Ерұлан Жамаубаев. Осыған дейін америкалық валюта көтерілгенде ас-судың, әсіресе импорт тауарлардың бағасы шарықтағаны есте. Қаржы министрі алдағы екі-үш айда инфляция да төмендейді деп сендіріп отыр.
Автор: Айғаным Достанбай
02.03.2023
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, қаржы министрі:
- Осы айларда инфляция шарықтау шегіне жетті, 20 ппайыздан асты. Екіүш айдан кейін төмендейді. Қазірдің өзінде біз нақтыланған бюджетте инфляция деңгейін 7,5-9,5 пайыз деп көрсеттік. Сол бойынша жұмыс істейтін боламыз. Жалпы бағаның төмендеуін болжап отырмыз.
Кешеден бері қор биржасында АҚШ ақшасының айтарлықтай арзандағаны байқалады. Астанадағы ақша айырбастау орындарында доллар сату бағамы бүгін 442 теңге 25 тиын, ал сатып алу 438 теңгенің айналасында. Ал оның азық-түлік құнына әсер етуі үшін теңгенің нығаюы уақытша құбылыс болмауы керек дейді экономистер. Олардың болжамынша, дүкен сөрелеріндегі бағаның түсуіне жарты жылдай уақыт қажет.
Андрей Чеботарев, экономика сарапшысы:
- Бастысы, доллар бағамының әрі қарай да төмендеуінде. Егер теңге бірнеше ай бойы күшеюін жалғастырса, сол кезде ғана бағаға қандай да бір әсерін байқайтын боламыз. Мұндай тәжірибе қазақстандықтарға бұрыннан белгілі. Кем дегенде жарты жыл керек. Теңгенің күшеюі бір сәттік емес екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуі қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!