Барлық өңірде тасқынның алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр
Көктемгі тасқынға тас-түйін дайынбыз ба? Еліміздің барлық өңірінде құтқарушылар оқу-жаттығуға кірісіп, құрал-сайманын түгендеп жатыр. Қауіпті деген аймақтарға қазірден бастап қажет болады деген материалдар жеткізіліпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.03.2023
Шығыстағы Ертістің мұзын жарып, селден сақтану үшін ойықтар жасаған. Ал былтыр бірнеше ауылы мен облыс орталығындағы жүздеген үйін су басқан Ақтөбеде өзен бойын тазалап, су бағытын бұратын арық қазылуда.
Көктем келісімен Ақтөбе шетіндегі өзен бойында орналасқан үй тұрғындары керек заттарын буып-түйіп отыр. Жыл сайын тасқында тізеден су кешу соңғы жылдары әдетке айналды дейді мұндағылар. Әсіресе былтыр су қатты көтеріліп, санаулы минутта шаңырағынан шыға алмай қалған.
Анар Сәдуақасова, Ақтөбе тұрғыны:
- Қорқып отырмыз, тағы суға кетеміз бе деп. Үлкен қауіп бар. Былтыр жағдай жаман болды. Екі минутта су тізеге дейін жетті. Балаларымызды көтеріп, суға дейін малып, трассаға жаяу бардық. Өйткені көлік келуге мүмкіндік болмады.
Құтқарушылар тасқынның алдын алуға барын салып дайындалып жатқанын айтады. Су соратын қондырғыдан бастап, қайықтарын сайлап қойыпты. Биыл судың бағытын бұру үшін алдын ала арық қазып қамданған. Өйткені былтырғыға қарағанда Ақтөбеде қар екі есеге көп жауып, тоң да жылдағыдан қалың.
Саид Молдақараев, Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазір 12 қауіпті аймақ бар. Негізінен Мәртөк, Әйтеке би, Темір сияқты елдімекендерде. Ол жақта тасқынның алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Ал еліміздің шығысында құтқарушылар Ертістегі мұзды ойып әлек. Бүгін оқу-жаттығу кезінде 260 ойық әзірлеп мұзды жарды. Сел жүрсе, өзен бойындағы үйлерді бұзып кетуі мүмкін.
Нұбол Нұрсағатов, Семей әкімі:
- Көктемгі тасқынға 14 млн. теңге жарылысқа бөліп қойған болатынбыз. Және де қар тазалау жұмысына 200 млн.теңгеден артық бөлінді. Ал 60 миллион арықтарды тазалауға бөлінген. Егер керек болған жағдайда қосымша қаражат бар.
Семейлік құтқарушылар Затон, Мирный, Түйемойнақ аралы мен Шығыс кентін су басып қала ма деп қауіптеніп отыр. Қызыл су келе қалса, тұрғындарды көшіретін орындарды да әзірлеп қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!