Мектептегі төтенше жағдайға басшы тікелей жауап беруге тиіс
Мектеп директорларының жеке жауапкершілігі күшейтіледі. Егер білім беру мекемесінде қандай да төтенше жағдай болса, оған басшы тікелей жауап беруі тиіс. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған директорлар бірінші сұралсын дейді оқу-ағарту министрі.
Автор: Әзиза Төленби
07.03.2023
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жұмыстан шеттелуі де мүмкін. Ескерту де берілуі мүмкін, жалпы бұдан былай басшы қызметіне жіберілмеуі де мүмкін. Егер осындай дөрекі қателік жіберген болса.
Тек мұғалімдердің емес, басшылардың да жүгін ауырлату соңғы кездері мектептерде жиілеп кеткен оқыс оқиғаларға байланысты болып тұр. Соның соңғысы Петропавлдағы жағдай. 9 сынып оқушысы мектепке балта әкеліп, дәлізде балаларға шабуыл жасаған болатын. Кейін баланың психикалық ауытқуы анықталған.
Қазір еліміздегі білім беру мекемелерінің камера, дабыл жүйесі, лицензияланған күзетпен қаншалықты қорғалғанын мемлекеттік комиссия тексеріп жатыр. Қорытындысы 20 наурызда белгілі болады. Тиісті шара да содан кейін қолданыла бастайды. Ал мектепке суық қару әкеліп білім ошағында ойран салған бала қазір қамауда.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бүгін облыс әкімі Үкімет басшысына жапа шеккендердің жағдайы дұрыс деп есеп берді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқушы қамауда отыр. Ал камерамен жабдықтауға келетін болсақ, бірқатар білім беру ұйымдары мен байланыс компаниялары арасында тіпті келісімшарт жасалмаған. Мемлекеттік сатып алу істерінде қағазбастылық көп, содан бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталықтарына қосылмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!