{metadescription}
8 наурызға қалтаға салмақ түсірмейтін сыйлықты қайдан аламыз
8 наурызға қалтаға салмақ түсірмейтін сыйлықты қайдан аламыз

8 наурызға қалтаға салмақ түсірмейтін сыйлықты қайдан аламыз

Халықаралық әйелдер мерекесі алдындағы қарбалас. Алматының көшелері гүл базарына айналып, раушан мен қызғалдаққа сұраныс күрт артқан. Жылдағыдай гүл мен арнайы сыйлықтардың бағасы да шарықтап шыға келді. Көл-көсір пайданы көздеген кәсіпкерлер гүл шоқтары 30 пайызға қымбаттатқан.

Биыл қызыл-жасыл өсімдікпен қатар түрлі тәттілердің де саудасы қызып тұр. Қалтаға салмақ түсірмей, көңілден де шығатын сыйлықты қайдан алуға болады? КТК тілшісі бағаларды біліп келді. 

Алматыда гүл саудасы таңнан бері қыз-қыз қайнап жатыр. Мереке қарсаңында дүкен, базардан бөлек, көше бойында қызылды-жасылды өсімдіктер жайқалып тұр. Тек баға бұрынғымен салыстырғанда қымбат. Әсіресе раушан мен көктемде гүлдейтін қызғалдақ құны шарықтаған.

Жасұлан Нәсірбек, сатушы:

- Жай күндері раушанның бағасы 800 теңге болса, мейрамда 1200-1500. Ол көтерме сауда бағасына байланысты. Маусымдық қызғалдақтар қазір сатылып жатыр. Раушан да жақсы өтеді. Әзірге сауда жақсы жүріп жатыр.

Анасы мен жары, әпке-қарындасы мен қызметтес аруларды қуантуға асыққан ер азаматтарға аспандаған баға кедергі емес. Байқағанымыз, дүкендерден гөрі даладағы сауда жанданған. Жұрт жұпар иісі аңқыған гүлден бөлек, ойыншық пен арнайы сыйлықтарды да жаппай алып жатыр. Сондай мерекелік себет сататын Жұлдыз мейрам күндері шығыстан кіріс көп болатынын жасырмайды.

Жұлдыз Жаңабаева, сатушы:

- Мысалы, 5 мыңдық себет жинасақ, оны 15 мыңға сатамыз. Үстінен 10 мың теңге қосамын. Себебі, бұл біздің еңбек. Жанармай, уақыт пен күшіміз кетеді. Гүлмен бірге тәтті шоколад, ойыншық пен жемісжидек сыйлаған жақсы ғой.

Ал Аружан құлпынайды шоколадқа малып арнайы сыйлық дайындайды. Үйден шықпай-ақ табыс тауып отырған келіншек тапсырысты тек онлайн қабылдайды. Айтуынша, биыл тәтті жеміске сұраныс күрт артқан.

Аружан Артықбаева:

- Бүгін таңға дейін жұмыс істедім. 60 қорапты бір компанияға жібердім. Бір топтамада тоғыз тал құлпынай бар. Шамамен 6500-7000 теңге шамасында. Күндегі тапсырыс әртүрлі. Бірақ 8 наурызға тапсырыс өте көп.

Жоғары лауазымды шенеуніктер де жұбайын ел қатарлы гүлмен құттықтайды. Кей министрлер мерекеде әйеліне құшақ-құшақ гүл шоғы мен бағалы сыйлықтан гөрі, көңіл мен махаббат керек деп ағынан жарылды.

Жауапты ведомство басшылары қыз-келіншектерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, жылы лебізін де білдірді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

01 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде