Қылмыстық жауапкершілік туралы заңға өзгерістер енгізілді
Ауыр науқасқа шалдыққан сотталушыларды ауруханаға жіберуге болады. Бүгін сенаторлар қылмыстық жауапкершілікке қатысты заңға енгізілген бірнеше өзгерістерді мақұлдады.
Автор: Елдос Есенбол
09.03.2023
Оның ішінде дерт меңзеген сотталушыларға қатысты тармақ та бар. Бұрын оларды түзеу мекемесінің табалдырығын аттағаннан кейін ғана емделуге жіберетін болса, енді тікелей сот залынан емханаға жөнелтуге болады.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Осы бес жылдың ішінде денсаулығына байланысты 27 адам босатылды. Оның ішінде, өкінішке қарай, 25-і қайтыс болды. Екеуі түзеу мекемесіне қайта оралды. Бұл санаулы күні қалған жазасын өтеушілердің жақындарымен бірге болуы үшін жасалған жағдай. Егер бәрі жақсы болып емделіп жатса, қайтадан жазасын өтеуді жалғастыра береді. Ешкім де жауапкершіліктен құтылып кетпейді.
Яғни бұл тек ауыр науқасқа шалдыққан сотталушыларға ғана қатысты дейді ішкі істер министрі. «Қазір істі болып жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтың денсаулығы қалай?» деген тілшілер сауалына Марат Ахметжанов: «Мен ол жағын білмеймін» деп, қысқа қайырды.
Бүгін қылмыстық жауапкершілік туралы заңға басқа да өзгерістер енгізілді. Мысалы, енді жазасын өтеуші әйелдер баласын төрт жасқа дейін өзімен бірге қалдыра алады. Бұрын тек үш жасқа дейін рұқсат берілетін. Сондай-ақ жаппай тәртіпсіздікке шақырушылардың да жазасы қатаңдады. Енді бұзақылар бұрынғыдай үш жыл емес, бес жыл мерзімді арқалап кетуі мүмкін. Ал бейберекетсіздікке әлеуметтік желі арқылы үндейтін болса, жаза мерзімі тіпті 7 жылға дейін ұзартылған. Осы ретте министр Ахметжанов бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздікті шатастырмауды өтінді.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жалпы тәртіпсіздік дегеніміз «шығайық, ұрайық, соғайық, жағайық, сондай бұзақылық жасайық» деген сол кезде ғана қылмыстың құрамы болады. Тіркелген қылмыстың егер оны күдікті қылып тану үшін оның ой-пікірін ниетін білу керек. Қандай ниетпен. Егер ниет болмаса, жаман пейілі болмаса, онда ол қылмыс болып саналмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!