Таразда бүтін бір отбасы газға уланып қалған
Таразда бүтін бір отбасының газға улануына қазандықтағы ақау себеп болуы мүмкін. Қондырғының істен шығуынан үйгегаз тарап, бес адам тәулік бойы улы иіске тұншығып жатқан. Мектеп директорының орынбасары мен инспектор дер уағында келіп, бәрін аман алып қалды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
09.03.2023
Дәл мереке күні Таразда қайғылы оқиға бола жаздады. Ерлі-зайыпты және оның кәмелетке толмаған үш баласы газға уаланып қалған. Олар дер кезінде құтқарылды. Әтпесе бәрі бақилық болуы мүмкін еді.
Бүгін әзер есін жиған отағасы түнде үйдегі газ пешінде ақау болғанын айтады. Қолдан істелген қазандықты жөндеп, қайта ұйқыға кеткен. Содан оянбадым дейді.
Бақытжан Байтасов, Тараз тұрғыны:
- Құлаған жерімде жаттым. Әйел, бала шағам жатқан жерден тырп етпеген. Балалар басқа бөлмеде. Бір тәуліктей жаттық.
Ал ертесіне балалар оқуға келмегендіктен, мектеп әкімшілігі дабыл қағады. Сөйтіп директордың орынбасары мен инспектор оқушыларды үйіне іздеп барған. Полицей бір жағдайдың болғанын бірден сезіпті.
Әлішер Ермеков, мектеп инспекторы:
- Жарық жанып тұрды. Іште бірдеме болды ау деп сездік. Көршілерден рұқсат сұрап кірсек, терезенің алдында бала жатыр, естүссіз. Тезірек есікті ашып, баланы сыртқа шығарып, газды сөндірдік. Бәрі тез арада болды. Бәрін сырқа шығарып көмек көрсеттік.
Алғашқы медициналық жәрдем сол жерде көрсетілген. Кейін бесеуі де ауруханаға жеткізілді. Екі күн бойы емделген науқастардың жағдайы қазір тәуір. Ал отағасы құтқарған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ дейді.
Бақытжан Байтасов, Тараз тұрғыны:
- Шұғыл шешім қабылдаудың арқасында деп ойламын. Тезірек терезені ашып, еркектің аты еркек қой енді. Адамның көретін жарығы бар екен дейді. Сол кісілердің қолымен Құдай сақтады. Бір емес, бес адамның өмірін сақтады.
Емделшендер ертең үйіне шығарылады. Ал жергілікті халық бес адамның өмірін сақтап қалған екі маманды марапатқа ұсыну керек деп есептейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!