«Наурыз» тұрғындары 20 жыл бойы ауыл санатына қол жеткізе алмай жүр
Ауыл мәртебесін ала алмай жүргеніне 20 жылдан асты. Алматы облысының Қарғалы ауылына қарасты «Наурыз» саяжай қауымдастығының тұрғындары әлі күнге әкімдіктің немқұрай қарайтынына наразы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.03.2023
Төрт мыңнан астам адамы болса да, әлі күнге ауыл санатына қосылмаған. Асфальттың төселмегені өз алдына, баласын оқытатын мектептің жоқтығы да жанынан батады. Жергілікті әкімдік бұл мәселеге қатысты не дейді?
«Наурыз» саяжайлар қауымдастығында төрт мыңнан астам тұрғын бар. Мұндағылар саяжай деу қисынға келмейтінін әкімдікке қанша айтып баққанмен, дым өнбегеніне қапа. Тіпті ауыл мәртебесін беру үшін әкімдік «500 мыңнан ақша жинаңдар» деген талап қойғанын айтады.
Мадина Ысқақова, саяжай тұрғыны:
- Жер кадастрында жерге баға беріп, жер қоғамдығына сараптама жасайды. Бәрін 530 мың теңге деген ақшаны құрып тұр. Қарап тұрсаңыз, бұл жерді біз жеке тұрғын үй құрылысы ретінде мемлекеттік акті сияқты сатып алғанбыз. Кезінде 5 мың халықтың ішінде әрқайсысы сатылып алынған ақшаға, қолында сатып алу шарты бар. 530 мың теңгені не себептен сұрап отыр?
Асфальт атымен жоқ. Тұрғындар өз күшімен жылына бір рет шұрық-тесік жолды жамайды. Жауын жауса көлшігі көбейіп, көлігі батпаққа бататын көшелемен жаяу жүрудің өзі азап. Ауыл ретінде тіркелмегендіктен, мұнда әлі күнге мектеп жоқ. Баласын көрші ауылдарға сабылтып оқытуға мәжбүр.
Күнсұлу Отарбаева, саяжай тұрғыны:
- Балалар төрт ауысыммен оқиды. Ең соңғысы түнде түнгі сағат тоғызда қайтады. Қазір түрлі жағдай болып жатыр, баламыз үшін қорқып, жолына шығып күтіп тұрамыз. Баратын жолда машина да жоқ, автобус та жоқ. Тасып әкелуге такси жалдаймыз.
Жергілікті әкімдік өкілі жанайқайын жеткізген тұрғындарға жылдам жетті. 500 мың теңгеден ақша жинау туралы әңгімені жоққа шығарды. Мектеп құрылысы биыл басталады деген уәдесін берді. Ал ауыл мәртебесін алу үшін әр тұрғын құжатын жер кадастрына өткізу керек, бізге қарап қалған мәселе емес деп әңгімені жылы жапты.
Қуаныш Батырбаев, Қарғалы ауыл округі әкімінің орынбасары:
- Бірінші жердің бағалау құны актісін жасау керексіздер. Оны кадастрда жасайды. Оны жасағаннан кейін арыз беруші жердің иесі ЭСҚ кілтімен Е лицензия деген бағдарлама бар, портал бар, Егов арқылы бересіздер. Шешім шығару 15 күнде қаралады ғой.
Тұрғындардың көбі әкімдік айтқан құжаттарды осыған дейін де өткізгенін айтады. Алайда еш нәтиже шықпаған. «Наурыздың» өз алдына ауылға айналу мәселесін облыс деңгейінде қаралғанын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!