Бекқұл баба ауылында карьердегі жарылыстан үйлерге сызат түсе бастаған
Ақтөбе іргесіндегі Бекқұл баба ауылының тұрғындары қиыршық тас өндіретін карьерден қауіптеніп отыр. Өйткені тас үгіту үшін жасалатын жарылыстан ғимараттарға сызат түсе бастапты. Кен өндірушілерге тыйым болмаса, шаңырағымыз ортасына түсіп, үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.03.2023
Ал тексеру жүргізген құзырлы мекеме өкілдері ауылдағыларды сабырға шақырып әлек.
Бекқұл баба тұрғындары ауыл іргесіндегі кен өндірушілерге кіжіне қарайды. Тас үгіту үшін жарылыс жасаған сайын зәре-құтымыз қашады деп ашынады. Үйлерінің қабырғаларындағы сызат пен ойықтарды да солардан көріп отыр.
Қадыржан Баймағанбетов, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:
- Үйдің көбісі жарылып жатыр. Атқан сайын. Атқан уақытта төбеде тұратын не еді анау ... салдырсалдыр етеді. Есік ашылып кетеді. Неге қауіпті болмасын? Ауық-ауық салған үйің жарылып кетіп жатса.
Жаңа салынған мектеп пен амбулаторияның да қабырғасына сызат түсіпті. Емдеу меемесіндегілер оны ара-тұра ақ балшықпен сылап тұрады. Тұрғындар үй қабырғасындағы жарықтар үлкейіп, бір күні үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.
Назгүл Асартабанова, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:
- Жарылыстар болғанда қатты дыбыс шығады. Балалар қорқады. Жарылыстан төбе қозғалады. Мектепке де әсер етеді. Мектепте де жарықтар бар. Сол жарылыстардан деп ойлаймын.
Бекқұл баба ауылының шетінде қазір үш компания қиыршық тас өндіруде. Тұрғындар былтыр солардың үстінен әкімдіктен бастап, құзырлы органдардың бәріне шағымданыпты. Бірақ тексеруге келгендер жарылыстан қауіп жоқ деп отыр.
Бауыржан Бекеев, Ақтөбе облысы өнеркәсіп қауіпсіздігі департмаментінің басшысы:
- Кен орындарына барып тексеріп қайттық. Жарылысқа қатысты құжаттары, жүргізген жұмысы бәрі дұрыс. Еш кінәрат таппадық.
Атқамінерлердің бұл сөзімен Бекқұл баба ауылының тұрғындары келсіпейді. Сондықтан халық тәуелсіз комиссия құруды талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!