{metadescription}
Оралда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды – топан су
Оралда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды – топан су

Оралда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды – топан су

Оралда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Себебі: күн күрт жылынып, еріген қар суы жан-жаққа жайылып жатыр. Коммуналдық қызмет пен құтқарушылар қауіпті аумақта суды сорғызуда. Алайда саяжайдағы тұрғындарға көмек жетпей жатыр.

Қазірдің өзінде жертөлесіне су толған 8 көпқабатты үй екі күннен бері жарықсыз отыр. Ал құтқарушылар су деңгейі әлі де көбеюі мүмкін дейді. Өйткені өңірдегі өзен-көлдердің мұзы әлі ерімеген. Сондықтан төтеншеліктер жағдайды тікұшақпен бақылауға көшті.

Кешелі бері су соратын көліктерде тыным жоқ. Олар «Көктем» шағын ауданындағы 8 көпқабатты үйдің жертөлесін құрғатып жатыр. Кеше кешкісін тап берген қызыл су көшені малмандай суға батырған.

Раиса Төленғалиева, Орал тұрғыны:

- Су жанжақтан құйыла бастады. Біздің үйдің арт жағынан, Саратов трассасы жағынан үлкен сарқырама су ағып жатқанын көріп жедел топқа хабарластым. Сол мезетте жертөлеме су кірген. Балаларды жинап алдық, аяқтары су-су. Сағат тоғызда жарық сөнді. Отырмыз ...

Бұл шағын аудан биік төбенің етегіне салынған. Сондықтан жоғарыдан құлдилаған қар суы тұрғын үйлерге құйылмас үшін арнайы арық салыныпты. Соған қарамастан үйлер тығыз орналасқан аумақ тағы да топан су астында қалды.

Ақылбек Әбдірахманов, Орал тұрғыны:

- Көктем болсын, күз болсын, біздің көретініміз осы. Тұрып жатқанымызға сегіз жыл болды. Сегіз жыл алысып келе жатырмыз. Мына жерде арық бар, былай қарай салынған. Басшылар айтады судың бәрі ағып кетеді дейді. Мына жақта енрісінше, сол арық арқылы бүкіл су бізге келеді. Білмеймін, қалай салынғанын, бұл арықтың.

Әкімдік 8 көпқабатты, 8 жер үй мен спорт нысандарына су кіргенін айтады. Қазір ол жерлерде арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Бар күш қалаға жұмылдырылғанымен, саяжайдағы тұрғындар суға батып отыр.

Сұлушаш Дусалиева, «Локомотив» саяжай қоғамының төрайымы:

- Тым болмаса, бір жолы көмектессе ғой. Дәл қазір кішкентай баласымен үйінен шыға алмай отырған отбасы бар. «Күтіңдер, алдымен қаланы құтқару керек» дейді. Біз не сонда, екінші сұрыптағы адамбыз ба?

Қазір қаладағы барлық техника су басқан аумақта. Соның өзінде жетпей жатыр. Шенеуніктер бұл жағдайды  күннің күрт жылынуымен байланыстырады. 

Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Қалалық жедел штаб отырысында қаламызда көптеген жерде су басу фактісі бар. Қала деңгейінде табиғи сипатта төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Қардың қарқынды еруіне және ең негізгі себебі, жердің, тоңның қалың болуына байланысты су өткізгіш құбырларда еріген суды көп өткізу мүмкіндігі болмады.

Құтқарушылар бұл тасқынның басы ғана деп отыр. Әлі өзен-көлдер еріген жоқ. Жағалай ел қонған Шаған және Деркөл өзендерінің де тасу қаупі  бар. Әзірге өңірде су кірген ауыл-аймақ жоқ. Жағдайды төтенше қызмет тікұшақпен көктен қадағалауға көшті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде