Теміртауда бес қабатты үйдің күлі көкке ұша жаздады
Теміртау қаласында газ баллоны жарылып, бес қабатты үйдің күлі көкке ұша жаздады. Оқыс оқиғадан 7 адам күйіп қалған. Олардың бесеуі – бала. Ал екі үлкен жастағы кісінің жағдайы ауыр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.03.2023
Газ баллоны үшінші қабаттағы пәтердің бірінде жарылып, артынша алапат өрт болған. Куәгерлер биік ғимарат опырылып құлай жаздады дейді. Әбден зәресі ұшқан тұрғындар үйін тастай қашыпты. Баспанада ес-түссіз жатқан 7 адамды төтеншеліктер алып шықты. Олардың бәрі ауруханаға шұғыл жеткізілді.
Қазір оқыс оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Тілсіз жау көп жерді зақымдап үлгермеді. От дер кезінде ауыздықталған. Бірақ қатты жарылыстан пәтердің бөлмеаралық қабырғалары, кіреберіс есік, балкон жақтаулары қирап қалған. Көпқабатты үй тұруға жарамды ма, жоқ па, ол жағы тексеріліп жатыр. Ал тұрғындар үйіне оралуға қорқып отыр.
Ерік Шонбаев, Қарағанды облысы травматология орталығының меңгерушісі:
- Ауруханаға жалпы саны жеті адам жеткізілді. Жансақтау бөліміне түскен екі ересек кісінің жағдайы тұрақты, бірақ ауыр деп бағалануда. Денесінің 70-80 пайызы күйіп қалған. Газға уланған үш бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған екеуіне де ем жасалынып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!