Мемқызметке тұрарда, оқуға түсерде есірткі-скринингтен өткізіледі
Енді мемлекеттік қызметке тұрарда немесе оқуға түсерде нашақорлыққа скринингтен өтесіз. Бүгін ішкі істер министрлігі Үкіметте осындай ұсыныс айтты. Өйткені жыл сайын есірткі қолданатындар саны көбейген. Арасында мектеп оқушылары да бар.
Автор: Әзиза Төленби
14.03.2023
Былтыр елімізде есірткі сату бойынша үш мың қылмыстық іс қозғалған. Тексере келе, оның көбі интернет дүкендер арқылы сатылғаны анықталған. Өйткені, ғаламтордағы заңсыз саудаға тыйым болмай тұр.
Соңғы жылдары есірткі қолданудың алдын алмай, тек салдарымен күресіп кеттік деп мойындайды министр Ахметжанов. Есіңнен тандыратын ессіз шөптің түр-түрі қолжетімді бағада қаптап кеткен. Тіпті қазір Қазақстанда қанша адамның есірткі қолданатыны туралы да нақты дерек те жоқ. Қылмыстық жауапкершілікке тек сол есірткіні сатқан, таратқан, жасағандар тартылады. Сондықтан әзірге тек азаматтарды тексеру амалын қарастырайық дейді министр.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Скрининг енгізу. Жоғары оқу, колледждерге түскен кезде міндетті түрде профтексеру өтеді. Жүргізуші куәлігін алған кезде, әскерге барған кезде, мемлекеттік қызметке барған кезде қосымша биоматериалдан есірткіні пайдаланды ма екен, тартты ма екен, соны анықтауға мүмкіндік бар. Бұл әлі ұсыныс. Жауапкершілік болмайды, анықтаған жағдайда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!