Отпан тауының баурайында бірлік оты жағылып, жыл басы басталды
Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде Амал мерекесі тойланып жатыр. Бұл күнді ел арасында Көрісу деп те атайды. Қыстан аман шыққан жұрт көктемге аяқ басып, бір-бірімен қол алысып, төс қағысады.
Автор: Айман Нұрмағанбет
14.03.2023
Осылайша бір-біріне деген араздықты ұмытып, амандық тілейді. Бүгін мемлекет басшысы да қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Әдетте еліміздің батысында аталып өтетін мейрам бүгін Алматыда да тойланды. Ал Маңғыстаудағы Отпан тауының баурайында бірлік оты жағылып, қазақша жыл басы басталды.
Күн шығыстан шықса да, жыл батыстан басталады. Отпан таудың басында бүгін Амалға аман жеткен ағайын қауышып, той тойлап жатыр. Биылғы мерекені Адайдың Тобыш ата ұрпақтары ұйымдастырған. Бұл күні жасы кішілер үлкендерді іздеп барып, қол алысып, көрісіп, ілтипат білдіреді.
- Сәлем бердік, апа!
- Амансың ба!
Ал үлкендер төс қағыстырып, өткен жылдан қалған өкпе-ренішті ұмытады.
Бұл таң Маңғыстау жұртына ерекше атады. Ел-жұрт ерте тұрып, жасы үлкендерге сәлем береді. Осылайша қыстан есен шықан жұрт амандығын білдіреді. Маңғыстаудың ең биік шоқысы - Отпан тауда тойланған биылғы мерекенің жөні бөлік. Себебі, бұл мейрам карантиннен кейін кең көлемде аталып өтуде. Ұйымдастырушылар Отпан таудың баурайына 50-ге жуық киіз үй тіккен.
Қалнияз Оңдабаев, Маңғыстау облысының тұрғыны:
- Бұл мереке қыстан ел аманесен шығу, жердің тоңының жібісуі, табиғатқа жанның енуі, барлық дүние көгеріп бастайды, бұдан былай мал төлдей бастайды, халық аққа кенеле бастайды. Екінші, біздің қазақтың санатында бұл күн үлкендерге келіп қол беріп, таң қараңғысынан сәлемдесетін күн. Ағайын арасындағы араздық кешірілетін күн. Бір сөзбен айтқанда, ынтымақ пен бірлікті нығайтатын мереке деп есептеймін.
Отпандағы Амалды тойлауға биыл 10 мыңға жуық адам жиналған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтармен қоса, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжаннан құрметті меймандар шақырылған. Барлығы да Амал түркі елдеріне ортақ мереке екендігін айтып, оны халықаралық деңгейде өтіп өтуді ұсынуда.
Незакет Меммедли, Мұхаммед Физули атындағы Әзірбайжан ұлттық ғылым академиясының ғылыми қызметкері:
- Әзірбайжан халқы да жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын жыл басы деп әспеттейді. Сондайақ от киесіне тәу етіп, кесапат-кесел мен жамандық атаулыдан аластар қасиетіне сенім білдіреді. Әзірбайжан халқында наурыздың айрықша нышаны алаудан аттап секіру. Амал мерекесі күллі түркі жұртына ортақ мереке. Біз бұл салтты, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа өнеге етуіміз керек.
Отпанға жиналған жұрт бірлік отын жағу рәсіміне куә болды. Теңіз деңгейінен 500 метр биіктікте орналасқан Маңғыстаудың ең биік нүктесінде от жағылды. Бұл елдің бірлігі мен ынтамығының белгісі.
Маңғыстаудан басталған Амал мерекесі соңғы жылдары республикалық деңгейде тойлана бастады. Тіпті ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде қазақстандықтарды құттықтады. Амал - елді ынтымаққа шақыратын ерекше мейрам деп атап өтті президент. Ал Алматы мен Ақтөбеде де түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Сахнада ән шырқалып, театр әртістері қойылым ұсынды. Таңғы салқында халық тоңып қалмауы үшін ыстық наурыз көжеcі мен бауырсақ таратылды.
Марал Анарбек, Алатау дәстүрлі өнер театрының әртісі:
- Бұны кезінде қазақ белгілі бір төбе, ақ төбе, көк төбе, қара төбеннің үстіне шығып жаңа күнді қарсы алып тойлаған. Бүгін, мінекей, осы 1960 жылдары сол Наурыз, Көрісу күні Алматы қаласының өзіңде, осы Көктөбенің төрінде тойланатын болған екен. Бүгінгі таңда осыншама жылды артқа тастап, қайтадан дәстүрге айналдырып, Көктөбе төрінде Көрісу мерекесін халықпен ашық аспан, бейбітшілік аспан аясында қарсы алып тойлап жатырмыз.
Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын Амал мерекесі тек бір күнмен шектелмейді. Наурыз бойы жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!