Сыртқы қарыз 15 пайызға өскен
Сенаторларды сыртқы қарыздың өскені де алаңдатып отыр. Тек соңғы бір жылдың ішінде оның көлемі 15 пайызға өскен дейді депутат Шәкәрім Бұқтұғұтов. Қазір Қазақстан алыс-жақын шетелге 25 триллион теңге қарыз екен.
Автор: Әзиза Төленби
16.03.2023
Шәкәрім Бұқтұғұтов, Сенат депутаты:
- Егер былтыр қаңтарда бүкіл мемлекет қарызы 21,9 триллион теңге болса, биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша оның сомасы 15%-ке, яғни 25,3 триллион теңгеге дейін өскен. 2050 жылға қарай мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімнің 45%-не дейін ұлғаяды деген болжам бар.
Биыл жыл басындағы жағдай бойынша сыртқы қарыз сомасы 7,8 триллион теңгеге жетіпті. Оның бестен бір бөлігі "Халықаралық қайта құру және даму банкінен" алынған несие. Ал "Азия даму банкіне" Қазақстан 908 миллиард теңге берешек. Одан бөлек, мемлекеттің зейнетақы қорына, екінші деңгейлі банктер алдындағы борышы тағы бар. Бірақ Ұлттық банк төрағасы бұдан үлкен қауіп көріп отырған жоқ. Ғалымжан Пірматов бүгін "сайлаудан кейін девальвация болады-мыс" деген қауесетке де жауап берді.
Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:
- Біз валюта нарығындағы барлық іс-әрекеттеріміз туралы ашық айтамыз. Тек алтын-валюта резервтеріне интервенция жасау ғана емес, сонымен бірге Ұлттық қордан валюта сату да, басқа да қорлардағы валюталық операциялар бар. Сондықтан сайлау қарсаңында Ұлттық банк валюта бағамына қандай да бір әсер етеді деген ешқандай шындыққа жанаспайтын қауесет қана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!