Trust Group LTD арқылы шетелге жұмысқа бармақ болғандар алданып қалған
"Еуропаға барып айына жарты миллион теңге табасыңдар".Trust Group LTD компаниясы арқылы шетелге жұмысқа аттанбақ болған бірталай отандасымыз алданып қалғанын айтып отыр. 30 шақты адамның алды виза мен билетке деп 250 мың, берісі миллион теңгеден аса ақша төлепті.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай, Бек Әбиев
16.03.2023
Бірақ жеме-жемге келгенде аталмыш компания не шетелге апармаған, не ақшаны қайтармаған. Жұрт агенттікпен заңды түрде келісімшартқа отырғасын, полицейлер де іске араласа алмайтынын жеткізді.
19 жастағы Айназар Қалбаев қазір Чехиядағы зауытта жұмыс істеп, айына 500 мың теңге алып отыруы керек еді. Бірақ уәдені үйіп-төккен компанияның кесірінен не істерін білмей тентіреп жүргеніне бес айдан асыпты. Былтыр колледжд бітірген ол тиын-тебен жинауға әрі ағылшын тілін шыңдау үшін шетелге шығуды жоспарлаған. Сөйтіп әлеуметтік желіден Trust Group LTD агенттігіне жолығады. Естен тандыратын уәдесінен кейін ағасының атынан 650 мың теңге несие алып, бірден берген. Ақшаны алған компанияның директоры екі айдан кейін ізім-ғайым жоқ болды дейді.
Айназар Қалбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мақсатым Еуропаға жұмысқа бару. Ақша жинап, кейін оқуға түсу. Осы компанияны мен инстаграм арқылы таптым. Оларда бәрі керемет болды, пікірлері, оқырманы. Басында бәрі зың болады, алаяқтық жоқ, сізге виза алып береміз деп директордың өзі айтты. Сосын кеңсесі жабылып қалды. Ешкім хабарласпай кетті.
Аталмыш компанияға алдандық дегендер тек Алматыда ғана емес, Шымкент, Астана, Балқаш, Ақтөбе, Екібастұз қалаларында да бар. Жұрттың есебінше, сан соғып қалғандар саны 30-ға жуықтайды. Бәрінің бірдей Еуропаға ұшу мерзімі әлдеқашан өтеп кеткен.
Айнұр Медарова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Көлік бөлшектерін шығаруда қорапқа жинастырушы болуға. Бастапқы айлығы 450 мыңнан басталады, әр ай сайын көтеріледі деді.Trust Group компаниясы 24 тамызда құжат тапсырғанмын. Қазанда елшілікке кіргенбіз. Кейін екі айдан кейін сендер кетесіңдер деді, Венгрияға. Содан кейін желтоқсан, қаңтар өтті, - инстаграмнан жазсақ бұғаттап тастады.
Тиісті ақшасын сұрап мазасын алғандарды бұғаттап тастаса да, көпшілікке ашық. Жұмысқа орналастыратын агенттіктің әлеуметтік желідегі парақшасы бір қарағанда еш күмән тудырмайды. 11 мыңнан аса аудиториясы бар. Бірақ пікірлердің арасында шетелге жарты жылдан бері ұша алмай жүргендерді де байқадық. Алғашқы жазбасы осыдан екі жыл бұрын шығыпты. Нарықта сол уақыттан бері істеп келе жатқан сияқты.
Әлия Қойшина, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Компанияның өкілі Сұлтан Мәмбетәлі Рүстембекұлы бізбен келісімшарт түзіп, Чехияға жұмысқа орналастырамыз деп сендірген болатын. Айлығымыз 450-500 мың теңге болады деді. Бірақ қандай жұмыс істейтінімізді ұшу мерзімі жақындағанда айтатынын жеткізді. Алайда қазір олар мүлде хабарға шықпай кетті. Елемейді де. Күйеуім екеуіміз 1 миллион 350 мың теңге берген едік. Шетелге шығу түгіл, ақшамызды әлі ала алмай жүрміз. Бірақ олар бұрындағыдай жұмыс істеп жүр. Полицейлерге арыз жаздық. Өзімнің қаламда да, Алматыда да. Бірақ, арызды ешкім қабылдамады.
Полицейлер арызды қабылдамағанын растап отыр. Өйткені екі тарап арасында келісімшарт болғасын, бұл мәселені сот шешетінін жеткізді.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Осы азаматтардың берген түсініктемелеріне сәйкес, екі тарап арасында келісімшарт бар. Келісімшарт болғаннан кейін арасында азаматтық құқықтық қатынастар туындады. Яғни бұл іс сол азаматтардың құқығы азаматтық сотта қарастырылып, сол жақта жөнге келтірілуі тиіс.
Компанияның әлеуметтік желідегі парақшсына соңғы жазба екі ай бұрын ғана салыныпты. Соған қарағанда еш уайымсыз әлі жұмыс істеп жүрген сияқты. Жауап алу үшін Алматыдағы кеңсесіне барып көрдік. Есігін аша алмадық. Көршілес орналасқан кәсіпкерлердің айтуынша, агенттік күні кеше заттарын жинап көшіп кеткен. Қоңырау да шалдық. Үн қатқан ешкім болмады. Енді аталмыш компанияның уәдесіне сеніп сан соғып қалдық деген жұрттың сотқа жүгінуінен басқа шарасы жоқ сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!