Ақтөбе облысында ауылдармен қатынас үзіліп, жолдарды су шайып кеткен
Ақтөбе облысында тасқын қаупі сейілмей тұр. Төтенше жағдай жарияланған Қобда ауданында бес ауылмен қатынас үзілді.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.03.2023
Ал Ойылда Қаратал ауылы мен аудан орталығын жалғайтын жолды су шайып кетті. Мұндағы Екпетал ауылынның мал-жанын түгелдей көшіруге тура келген. Облыс бойынша үш мектептің оқушылары сабаққа бара алмай, қашықтан оқып жатыр.
Қобда ауылында тұрғындар су басқан үйіне жолай алмай жүр. Көлкіген ылғалды енді кептіру қиын. Қызыл су қас-қағым сәтте басып қалған. Шаңырағынан көшірілген тұрғындар тума-туыстарының үйінде, сосын спорт кешеніне түнеп жүр. Ұры-қарылар су басқан үйлерді үптеп кетпеу үшін күзет күшейтілді.
Әсима Нұржанова, Қобда ауылының тұрғыны:
- Мына үйді өзіміз кредитке кіріп салып алдық. Қорамыз құлады. Көмектесіп, малымызды қорадан шығарды. Енді кіре алмай тұрмыз, ішін көре алмай тұрмыз. Балам су тобыққа дейін дейді. Кешеден бері кіре алмадық. Бүгін кішкене басылып тұр. Су тұра берсе, үй құлайтын шығар.
Тіршілік Аятхан, Қобда ауылының тұрғыны:
- Бірге жұмыс істейтін жігіттер бар, үйдегі заттарды көтеріп, малды шығардық. Бала-шағаны орналастырып үлгердік. Одан кейін бір айналып келсек, бір сағаттан кейін үй іші көрінбей тұр ғой. Дуалдың шетімен бірдей болып тұр. Келіп едім, беліме шейін суға батып кеттім.
Тасқыннан зардап шеккендердің шығынын арнайы комиссия есептеуге кірісті. Шенеуніктер ертең бағалаушы компаниялармен келісімшартқа тұрып, өтемақы көлемін жеке-жеке анықтаймыз деп отыр. Бұдан бөлек, ауданда қазір бес ауылмен қатынас жоқ. Себебі жолды су шайып кеткен.
Болат Құлов, Қобда ауданының әкімі:
- Мен Жарық ауылында тұрмын. Қазір моторлы қайық алып келіп, арғы бетке өттік. Ауыл тұрғындарымен кездестік. Ахуал тұрақты, жарық бар, су бар. Мына жерде өзеннің іргесінен шығуға байланысты көпірі басып өтті.
Ойыл ауданында Қаратал ауылымен қатынас жоқ. Өзен арнасынан асып, жолды шайған. Екпетал ауылының тұрғындарын да түгелімен қауіпсіз жерге көшіруге тура келіпті.
Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:
- Халықтың қауіпсіздігін қамту мақсатында бүгін Екпетал ауылы тұрғындары эвакуацияланды. 105 адам қазір эвакуацияланды. Оның ішінде 50 ересек, 55 бала қауіпсіз аймақ — өзіміздің аудан орталығына әкелінді.
Тасқын кесерінен үш ауылдың мектеп оқушылары сабаққа бара алмай отыр. Сондықтан оларды көктемгі каникул басталғанша қашықтан оқытуды жөн деп шешкен шенеуніктер.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Барлығы үш мектептен 392 бала Қобда ауданында онлайн білім алуда. Олардың онлайн білім алуына ешқандай кедергі жоқ. Техника, қажет техникалық құралдары, интернет желісіне қосылу, бар жағдай жасалған.
Қобда өңірінде мұндай тасқын осыдан 30 жыл бұрын болыпты. Бұрын қызыл су аудан орталығына кіре бермейтін. Биыл тоң жібімей, далалықты жаппай су алып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!