Сайлауда партиялардың белсенділігі қандай
Сайлауға түсіп жатқан жеті партия бүгін жағдайды тек сырттан бақылап отырған жоқ. Саяси ұйым лидерлері де учаскелеріне барып таңдауын жасады. Көңіл-күйі көтеріңкі, барлығы да оптимистік көзқараста. Арасында тіпті дауыс беру үшін шапан киіп келгені де бар.
Автор: Елдос Есенбол
19.03.2023
Бір ай бойы тұтас елді шарлап үгіт жүргізген саяси партиялар бүгін сол еңбегінің нәтижесін күтіп отыр. Шалғайдағы ауыл-аймаққа дейін барып ат терін төккен азаматтар үшін бұл шешуші күн. Бірақ сайлау нәтижесін күтіп бейжай отыра беруге болмайды. Ең алдымен олар Қазақстан Республикасының азаматы. Сондықтан әр партия төрағасы мен орынбасарлары бозала таңнан сайлау учаскесінен табылды.
«Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың көңіл-күйі көтеріңкі. Тіпті өте жақсы дейді. Екі ай бұрын таратылған Мәжілістің экс-төрағасынан: «Сайлаудан кейін елдің саяси алаңында қандай өзгерістер болуы мүмкін?» деп сұраған едік, ол былай деп жауап берді.
Ерлан Қошанов, Amanat партиясының төрағасы:
- Лайықты, мемлекетімізге адал қызмет ететін өзінің саласына өзі нақты жауабын беретін, сол саланы алға қарай жүргізуге мүмкіндік жасайтын, ықпал ететін азаматтар келуі керек. Біз соған кәміл сенеміз.
Ал сол өткен жетінші шақырлымда өзі депутат болып, осы жолы да партиялық тізімді бастап тұрған «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев "бұл сайлаудан кейін жаңарудың болары анық. Соның бірі қазіргі Үкіметтің таратылуы деп" тілге тиек етті.
Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
- Реформалардың, өзгерістердің жаңа бір толқыны болайын деп отыр. Бүгін осы сайлау жариялағаннан кейін премьерминистр Смайылов та Үкіметті отставкаға кету туралы жариялады. Яғни үлкен өзгерістердің бастамасы деп білемін.
Бас-аяғы төрт айдың ішінде екінші рет сайлауға түсіп жатқан Жигули Дайрабаев та бүгін 396-шы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Қарашада президентікке кандидат болған «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары өзге де партияластарымен бірге Төменгі палатаға үмітті.
Жигули Дайрабаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:
- Амандық болса, біздің мемлекеттің болашағы өте зор. Мемлекетте біздің әрбір халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын, экономикалық әлауқатын жақсартуға мемлекеттің толық мүмкіншілігі бар. Оған мемлекеттің толық потенциалы бар.
Ал, дауыс беруге келген Жалпыұлттық социал-демократтар партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов: «Былтыр президент сайлауына кандидат ұсындық, бұл саяси науқанға қатысуымыздың іргетасы болды» деді. Бұдан бөлек, биыл саяси додаға жаңадан қосылған қос партияның да барын айта кетейік. Соның бірі «Байтақ» жасылдар партиясы.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» партиясының төрағасы:
- Жақсылық күтеміз. Біздің партиямыз қатысып жатыр. Енді біз қалай жұмыс істедік, халықпен қалай неғылдық, соған байланысты нәтижесі болады. Сондықтан қандай нәтиже болса да, еліміздің, мемлекетіміздің болашағына қызмет ететін партия, адамдар болса екен дейміз.
Ал сайлаудағы екінші дебютант партия «Республиканың» төрағасы Айдарбек Қожаназаров таңдау жасауға шапан киіп келіпті. Ұлттық киімнің наурызда ғана жарқырап, қалған 11 айда шкафта жатқанына қынжылатын ол: " өзім жиі киіп шығуға дайынмын" дейді.
Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
- Бұл сайлау біз үшін бірінші. Әділетті өтуге біз енді үміт артамыз. Себебі, қазір біз өзіміздің бақылаушыларымызды қойдық.
Осылайша сайлауға түсіп жатқан жеті саяси партия төрағалары мен орынбасалары түске дейін азаматтық міндетін орындап дауыс беріп үлгерді.
Мәжілістің күні кеше таратылған жетінші шақырылымында үш партия болған еді: «Аманат», «Ақ жол», «Қазақстан халық Партиясы». Енді төменгі палатаның құрамы қаншалықты жаңаратыны осы науқаннан кейін белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!