Сайлауда заң бұзғандарға қандай шара қолданылады
Мәжіліс пен мәслихат сайлауына дауыс беру аяқталуға жақын. Санаулы минуттардан кейін сайлау учаскелері жабылып, дауыс санау басталады. Тек уақыт айырмашылығына байланысты батыстағы төрт облыста дауыс беру бір сағатқа ұзағырақ жүреді.
Автор: Айғаным Достанбай
19.03.2023
Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – депутаттар аралас жүйемен сайланып жатыр. Яғни 98 мандаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29 депутат бір мандаттық округ бойынша сайланады. Бюллетень соңында «бәріне қарсымен» деген де графа бар.
Төменгі палата мандатынан 7 саяси партияның үміті бар: «Аманат», «Ауыл», «Республика», «Қазақстан халық партиясы», «Байтақ», «Ақ жол», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия». Барлығы 281 кандидат ұсынып отыр.
Ал Мәжіліске өту үшін әрқайсына кемі 5 пайыз дауыс жинауы керек. Нағыз тартысты бәсеке мажоритарлы жүйе бойынша сайлауға түскен кандадаттар арасында да өткелі тұр. Өйткені 29 мандатқа 435 адам үміткер.
Халықаралық бақылаушылар бүгінгі сайлауға «ашық әрі әділ» деп баға беріп үлгерді. Дегенмен заңбұзушылықтар да тіркелген.
Қай өңірдің сайлаушылары белсенді? Заңды бұзғандарға қандай шара қолданылмақ?
Осыған дейін сайлаушылардың белсенділігі бойынша Қостанай, Қызылорда облыстары, Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан көш бастап тұрған.
Орталық сайлау комиссиясына 18:00-де ұсынылған ақпаратқа сәйкес, белсенді аймақтардың қатарын Ұлытау мен Батыс Қазақстан толықтырды. Жалпы қазірге дейін ел азаматтарының белсенділігі түске дейінгідей емес, сәл саябырсыған. Дауыс беру парағын алып, өз таңдауларын жасап үлгергендердің үлесі 53,11 пайызды құрады.
Шавхат Өтемісов, ОСК мүшесі:
- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылғы 19 наурызда Астана уақытымен сағат 18.00 дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 53,11%-і немесе 6 390 046 азамат бюллетень алды.
Бас прокуратура сайлаудың талаптарын бұзғандарды анықтаған. Заң бұзушылықтар бойынша, 25 шағым түскен екен. Арыздардың рас-өтірін жергілікті прокурорлар тексеріп, заң бұзудың 9 дерегін растапты. Комиссия мүшелері не бүлдірген? Сайлаушылардың өтініші бойынша, олар бір қолға бірнеше бюллетень берген. Осылайша заң өкілдері комиссия мүшелерін жұмыстан шеттеткен.
Сағат тура 20:00-де еліміздегі сайлау учаскелері жабылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!