Елена Рыбакина жеңімпаз атанып, Қазақстан BNP Paribas Open титулына қол жеткізді
Қазақстандық тениссші Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің жеңімпазы атанып, әлемдік рейтингте жетінші орынға көтерілді. Осылайша Қазақстан тарихта алғаш рет BNP Paribas Open турнирінің титулына қол жеткізді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
20.03.2023
Еленаның бұл жеңісі арқылы үшінші орынға көтерілу мүмкіндігі болған. Бірақ былтыр қазылар алқасы оған Уимблдондағы жеңісіне 2 мың ұпайды қимаған еді.
АҚШ-та өткен ең беделді турнирде отандасымыздың қарсыласы әлемнің екінші ракеткасы беларустық Арина Соболенко болды. Тартысты өткен ойында Елена 7:6 және 6:4 есебімен екі сэтте жеңіске жетті. Бұл спортшымыздың беларустық теннисшіні алғаш рет ұтқаны. Бұған дейін төрт рет есе жіберген еді. Осы жарқын жеңісі үшін Рыбакина жарты миллиард теңгеден астам сыйақы алды. Ұтылса да күлімдеп тұруға тырысқан қарсыласына Рыбакина алғысын айтып, алдағы ойында сәттілік тіледі.
Елена Рыбакина, теннисші:
- Аринаны құттықтағым келеді. Керемет нәтиже. Биыл да, оның алдында да командаңмен жақсы жұмыс істедің. Бірақ осы ойында бірінші рет менің жолым болды. Тағы да кездесеміз деп үміттенемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!