Ақтөбе облысындағы Ойылда төтенше жағдай жарияланды
Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданында да төтенше жағдай жарияланды. Мұнда өзен арнасынан асып, Қаратал ауылы көлкіген су астында қалған. 11 үй қызыл суда қалып, тасқын бөгет пен жолды шайып кеткен. Ал көршілес Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені көтеріліп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.03.2023
Егер ернеуінен асып кетсе, жағасындағы ауылдарды су басады. Сондықтан құтқарушылар табиғи апаттың алдын алуға бар күшін салуда.
Ойыл ауданының Қаратал ауылындағы тасқын қаупі сейілді. Бірақ қызыл су бөгетті бұзып, ондаған баспана тұруға жарамсыз болып қалған. Шенеуніктер аудан көлемінде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болыпты.
Ал тоқсанға тарта үйді су алған Қобда ауданында жағдай тұрақтаған. Аралда қалғандай күй кешкен ауылдармен қатынас ретке келтіріліп жарық беріліпті. Тек үйін су басқан 12 отбасы әлі аудан орталығындағы спорт мектебінде тұрып жатыр. Баспанасы бүлінгендерге арналған 24 үйдің қазығы қағылды. Ойылдағы Қаратал ауылы да мұндай көмектен шет қалмайды дейді әкімдіктегілер. Тек алдымен шығынды есептеп алмақшы.
Мавр Абдуллин, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Кеше Ойыл ауданы Қаратал елдімекенінде болдым. 11 үйдің онына кіріп шықтым. Біреуінің иесі жоқ екен. Соған байланысты үйлерге су кірген, біреулерінің дәлізіне кірген, біреуінің үйіне кірген. Соған байланысты бүгіннен бастап мамандар жұмыс істеп жатыр. Бәрін актілеп, қорыты негізінде жұмыс істелінеді.
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені көтеріліп жатыр. Бұрын сәуірде ғана сел жүретін. Су деңгейін бақылап отыру үшін төрт гидробекеттен бөлек, қосымша сегіз қадағалау бөлімшесін құрған.
Роман Қайырғалиев, БҚО ТЖД басқарма бастығы:
- Жайық бойында орналасқан елдімекендерде үй мен тұрғын саны анықталып, су қаупі төнген жағдайда атқарылатын ісәрекет тәртібі жасақталып, пысықталды.
Жайықтың көтерілгеніне экологтар мен аймақ тұрғындары қуанып отыр. Неше жылдан бері су деңгейі түсіп кетіп, табаны құрғауға шақ қалған еді. Биыл тек еріген қар суының келуінен арнасы асып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!