{metadescription}
Шахматшы қазақ қыздарының жанжалы немен аяқталды
Шахматшы қазақ қыздарының жанжалы немен аяқталды

Шахматшы қазақ қыздарының жанжалы немен аяқталды

Қарсыласының турнирге қатысудан бас тартқаны – шамына тиіпті. Бибісара Асаубаеваның анасы қызының қатқыл мәлімдемесін осылай түсіндіруге тырысты. Қазақтың шахматшы қыздары Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік арасындағы кикілжің Үндістанда өтіп жатқан халықаралық шахмат федерацияның гран-приінде басталған. 

Жансая Әбдімәлік доданың дұрыс ұйымдастырылмағанын алға тартып, жарысқа қатыспай кетіп қалған. Іле-шала бұған қатысты Бибісара Асаубаева мәлімдеме жасады. Сонымен шахмат шеберлері арасындағы жанжал немен аяқталды?

Шахматтан әйелдер арасындағы кезекті гран-при кеше үлкен шумен әрең басталды. Үндістан астанасы Нью-Делиде жалауын желбіреткен жарысқа қатысудан екі бірдей шахматшы бас тартты. Соның бірі – отандасымыз Жансая Әбдімәлік. 23 жастағы қазақстандық спортшы «әуежайдан ешкім күтіп алмады, қонақ үйдегі бөлмелер дайын болмады» деп наразылығын білдіріп, елге қайтып кеткен. Оның бұл әрекетін әріптесі Бибісара Асаубаева сынға алған болатын.

Бибісара Асаубаева:

- Шахмат – жекелей спорт түрі. Бірақ жеке тұлға болу мен пікірлес болу екі бөлек нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деген мағынада көргісі келеді. Спортшылар кез келген күтпеген жағдайға беріле салмай, бәріне дайын болуы тиіс. Кез келген ұсақтүйекке Жансая секілді қарасақ, онда спортпен қош айтысып, тұрмысқа шығып, тамақ дайындау керек.

Шахматтың блиц түрінен екі дүркін әлем чемпионы Бибісараның әңгімесі жерлесім спортшыға сай қылық танытпады дегенге саяды. Халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік те үнсіз қалмай, қабылдаған шешіміне өкінбейтінін айтқан. Себебі, турнирдің ұйымдастыру деңгейіне өзге қатысушылар да төмен баға берген көрінеді. 

Жансая Әбдімәлік:

- Үндістандағы турнирдегі келеңсіз жағдай менің ғана емес, Б. Асаубаеваны қоса алғанда, өзге әріптестерімнің де көңілінен шыққан жоқ. Бұл, әрине, ұйымдастырушылар тарапынан кеткен қателік. Біз ақылдаса келе, FIDE президенті мен аппарат басшылығына бұған қанағаттанбайтынымызды білдіріп, ұжымдық хат жаздық. Жарысты кейінге қалдыру немесе оны өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадық. Ол хатқа Б. Асаубаеваны қоса алғанда, турнирге қатысушылардың барлығы қол қойды. 

Дүбірлі додаларда дараланып жүрген қос шахматшы аруымыздың әлеуметтік желіде сөз таластыруы осымен бітті. Өйткені Бибісара Асаубаева қызбалыққа салынып, артық кеткенін бірден мойындады. Бірақ оның анасы Лиана Таңжарықова Жансая алғашқы кездесуін Бибісараға қарсы өткізу керек бола тұра, аяқастынан кетіп қалуы «ақылға қонымсыз» деп отыр.

Лиана Таңжарықова, Б.Асаубаеваның анасы:

- 25 наурызда гранпридің бірінші кезеңінде Бибісара Асаубаева Жансая Әбдімәлікке қарсы ойынау керек болған. Бірақ бұл партия өткен жоқ. Себебі, Жансая жарыстың ашылуына бір сағат қалғанда турнирге қатыспайтынын айтты. Хатты өзі жазған шығар. Бірақ оған ешкім қол қойған жоқ. Менің ойымша, мұндай ауқымды жарысқа келдің бе, аман-саусың ба, ендеше қатысып, еліңнің абыройын қорғау керек.

Қазақстан шахмат федерациясының басшысы үздік шахматшылар жекелей сынға түсетін жарысқа ешқандай қатысымыз жоқ деп отыр. Олар елімізді төрткүл әлемге танытып жүрген Жансая мен Бибісараны бөліп-жармай, теңдей қолдау көрсетеміз дейді.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Бұл жекелей жарыс болғандықтан, әркімнің өз күнтізбесі болады. Оған Қазақстан шахмат федерациясының қатысы жоқ. Әрбір спортшы өзі шешеді. Бұл тарапта біз ештеңке айта алмаймыз. Себебі, бұл ұйымдастырушылардың тікелей жауапкершілігі. Біз барлық спортшыны бірдей қабылдаймыз. Ешқандай жақты қолдамаймыз.

Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович те үнсіз қалмай, келеңсіздік тудырған үшін қатысушылардан кешірім сұрады. Айта кетейік, Жансаяны қолдаған неміс шахматшысы Элизабета Петц те турнирден кетіп қалған. Үндістанда өтіп жатқан әйелдер арасындағы FIDE Гран-приінде қайта жеребе тартылып, он ойыншы жарысатын болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде