{metadescription}
Мәжілістің жаңа депутаттары не дейді ...
Мәжілістің жаңа депутаттары не дейді ...

Мәжілістің жаңа депутаттары не дейді ...

Бүгін ОСК Мәжілістің жаңа депутаттарын тіркеп, төсбелгі мен куәлік табыстады. VIII  шақырылымның алғашқы сессиясы ертең ашылады. Төменгі палатадан мандат алған 98 депутат бірінші рет аралас жүйемен сайланып отыр. Мәжілістің жаңа құрамында осыған дейін де депутат болған, енді болатын, түрлі саланың үздіктері бар.

Орталық сайлау комиссиясында бас қосқан жаңа әріптестер туралы КТК арнасының астаналық тілшісі түсіріп қайтты.

Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында бүгін де қарбалас. 19 наурыздағы сайлауда жеңіске жетіп депутат атанған 98 азаматқа бүгін мұнда ресми құжат табысталды. Төсбелгі тақты. Өкінішке қарай, тарихи сәтті тілшілер көре алған жоқ. Адамның көптігіне байланысты кіре алмай қалды. Рұқсат тек операторлар мен фототілшілерге берілген соң, тілшілер микрофонын ұстап, темір қақпаның жанында су жаңа депутаттарды сөзге тартуға тырыстық. Асыға кіріп бара жатқандарды, күліп келе жатқандарды тағатсыздана күттік. Барлығының көңіл-күйі жақсы, тек «ақжолдықтар» алты орынды місе тұтпаған сияқты.

Бұл сайлаудағы өзгерістер кейбір тұлғаның қайта ашылуына мүмкіндік берген екен. Соның бірі – VII  шақырылымда құзыретін уақытынан бұрын тапсырған Елнұр Бейсембаев.

Елнұр Бейсембаев, Мәжіліс депутаты:

- Біз партияның солдатымыз. Қалай шешім қабылдайды, солай жұмыс істейміз. Яғни, қажет болғаным шығар. Шешімді солар қабылдады.

Елдегі саяси додалардан тыс қалмай келе жатқан, сайлаушылардың көзі үйренген Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев та енді Төменгі палата өкілі.

Қарақат Әбден, Мәжіліс депутаты:

- Бастаған ісімді әрдайым жалғастыруға дайынмын. Президенттік сайлауға да түскенім сол. Қаншама жылдан бері көтеріп жүрген мәселелерді ары қарай Парламентте де жалғастырамын, аянбай, бар күшжігерімді саламын деп, сіздерге уәде беремін.

Мәжілістің кең залында отырыс өткізетін депутаттар, бүгін Орталық сайлау комиссиясының алаңында әріптес болуға бас қосты. Олардың арасында экс-министр, ақын, блогер, заңгер, журналист, кәсіпкер де бар. Нұрлан Әбдіров бастаған комиссия мүшелері VIII шақырылым депутаттарын конституция аясында ресми тіркеді.

Нұрлан Әбдіров, ОСК төрағасы:

- Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап сіздердің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ретіндегі өкілеттіктеріңіз басталды. Сіздер осы сәттен бастап еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – ҚР Парламентінің депутаттарысыздар. Баршаңызды халық қалаулысы атануларыңызбен құттықтаймын! Еңбектеріңіз үлкен табысқа ұлассын! Халықтың ризашылығына бөленіңіздер!

Халық алдында жауапкершілік алған депутаттарға куәлік тапсырылып,  төсіне арнайы белгі қадады. 

Данияр Қасқарауов, Мәжіліс депутаты:

- Мен осыған дайындалып келдім. Үлкен дайындықпен. Уақыты келді деп ойлаймын, жұмыс істейтін. Ауылда көтеретін көп мәселе бар. Әсіресе жастармен жұмыс істеу, спорт саласында. 13 жыл осы спорт саласында қызмет атқардық, біраз жұмыс бар енді.

Максим Рожин, Мәжіліс депутаты:

- Соңғы тізімге ілігем деп те ойламаппын, шыны керек. Бірақ осынадй сенім тапсырып жатқаннан кейін, осы уақытқа дейін сайлау үшін насихат жұмысыен 9 аудан аралаған елдің уәжін естіп келдік қой. Осыны орындауміндет.

Ал ертең жаңа Мәжілістің алғашқы сессиясы ашылады. Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып сөз сөйлейді. Әзірге жаңа құрамның спикері кім болатыны белгісіз. Ол да ертең шешіледі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде