Астана тұрғындарына суды арнайы кестемен тарататын болды
Астанада су қысымы айтарлықтай төмендейді. «Астана су арнасы» мекемесі амалсыздан осындай қадамға барғанын айтады. Себебі, халық саны өскен сайын, сорғы станциясының су таратуға күші жетпей жатыр. Жауаптылар астана тұрғындарына суды арнайы кестемен тарататын болды.
Автор: Айғаным Достанбай
28.03.2023
Астана миллионер қала болғанда, бәріміз бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз әлі есімізде. Бірақ кейін миллион проблемамен бетпе-бет келетінімізді білген жоқпыз. Тұрғын санының көбеюі, есепсіз ретсіз құрылыстың артуы, балабақша, мектеп жетіспеушілігі, не керек... санай берсең саусағың да жетпейді. Бүгін «Астана су арнасы» мекемесі су қысымы төмендейді деп, тағы бір проблеманың шетін шығарды.
Оң жағалаудағы тұрғындар құдықтан су тасудан қолы босамай жатыр. Себебі, бұдан былай «Астана су арнасы» су қысымын азайтайын деп отыр. Елорданың шет жағындағы Тамшылы көшесінің тұрғындары бірнеше айдан бері тамшы суға зәру. Күндіз қысымы төмен, түнемелік тіптен тоқтатып тастайтынды шығарған.
Татьяна Черемисина, Астана тұрғыны:
- Бүгін ғана емес, бірнеше жылдан бері су қысымы төмен. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Елордада отырып ыстық суға қол малып отыратын күнді ұмыттық. Соңғы уақытта суды түнде тоқтатып тастайды. Одан зорын айтайын, тіпті былтыр су тапшылығынан балаларымыз барып жүрген мектеп те біраз уақыт жұмыс істемей тұрды.
Енді «Астана су арнасы» тұрғындардың қолданысына кәдімгі кесте әзірлеп қойған. Мәселен, таңғы 04:30-дан 09:30-ға дейін су қысымы жоғары болады. Тоғыз жарымнан түскі 12-ге дейін қысым төмендейді. Ал 12-ден 2-ге дейін жоғары қысымда, әрі қарай дәл осылай алма-кезек кете береді.
Талғат Бекмамбетов, сорғы-сүзгі станция басшысы:
- Станция қуаты жоба бойынша 305 мың. Біз қалаға 330 мыңдай су беріп жатырмыз. Келесі станция керек. Бір сөзбен айтқанда, келесі станция ашу керек. Ол әкімдік құзырында. Біз тек эксплутациямен айналысамыз.
Ал мамандар бар кінәрат қаланың даму жоспарында дейді. Өкінішке қарай, қанша жыл бойы бас шаһардың басшылығы бірнеше мәрте ауысқанымен, нақты қолға алуға тиісті проблемалар ЛРТ-ның көлеңкесінде қалып қойған.
Теміртас Ысқақов, қаланы зерттеу платформасының негізін қалаушы:
- Урбанизацияны жасанды түрде тоқтата алмаймыз. Ол жалғасады, бірақ соған қарамастан, халықтың өсу қарқыны, тұрғын үй кешендерінің құрылысы біркелкі емес, агрессивті даму екені ешкімге құпия емес, қаланың қазіргі көрінісі дамуды реттейтін жоспарларға қарамақайшы.
Енді әкімдік тәулігіне 105 000 текше метр су өткізетін қабілеті бар станцияның құрылысын бірыңғайға келтіруі керек. Жаңа сорғы және сүзгі станциясы биыл жазда қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ал оған дейін жауаптылар тұрғындардан суды төгіп-шашпай, ұқыпты пайдалану керектігін сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!