Қарағанды мектептерінде бухгалтер жетіспей жатыр
Қарағанды мектептерінде бухгалтер жетіспей жатыр. Соның салдарынан қаладағы оқу орындарының бірінде мұғалімдер жалақы кешіктіріліп, зейнетақы қорына қаражат аударылмай жатқанын айтып дабыл қақты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
28.03.2023
Лилия Зәрубаева Қарағанды №74 орта мектебінің мұғалімі:
- Оқу жылының басында біраз мұғалімдер қиындық көрді. Олар ипотека рәсімдегенде келісім берілмеді. Себебі, бірнеше ай зейнетақы қорына қаражат түспеген. Яғни сіз жұмыс істемегенсіз деген сияқты. Автокөлік ала алмай, өзіне қажет тұрмыстық зат ала алмай, осындай келеңсіздікке тап болды.
Мұғалімдердің айтуынша, жалақының үнемі кешіктірілуі несие өтеуге кесірін тигізеді. Ол түгілі декрет және еңбек демалысының төлемін телміре күтеді екен. Ұстаздар тіпті қаражаты алаяқ жолмен қаржы қитұрқылығына араластырылуы мүмкін деп те топшылайды.
Дегенмен шенеуніктер бүгін оларды сабырға шақыру үшін тайлы-тұяғы қалмай жетті. Айтуыларынша, зейнетақы қорына қарыз сома толық өтелген. Төлемді кешіктірген үшін тіпті салық комитеті айыппұл да салыпты. Бұған мектептерде есепші тапшылығы себеп дейді. Қазір өңірде 20 мектеп бухгалтерсіз отыр.
Елена Рақымова, Қарағанды білімі бөлімінің бас есепшісі:
- Маман тапшылығы жалақы төмендігінен туындап отыр. Есепшінің қолына алатын айлығы 90 мың теңге. Ал атқаратын жұмыс көп. Қаражат аудару, мұғалімдердің сағатын санау, кірісшығыс есептері. Мұғалімдерге 300-ден 500 мыңға дейін аударып отырып, өзі 100 мың теңгеге жетпейтін жалақыға жұмыс істегісі де келмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!