Аса ауылын кәріз жүйесінің лас суы басып қалған – Жамбыл облысы
Жамбыл облысы Аса ауылының жұрты нәжіс пен зәр кешіп жүруге мәжбүрміз дейді. Наразы тұрғындар ауламызды кәріз жүйесінің лас суы басып қалды деп жыларман күйде. Күлімсі иістен тыныс алу мүмкін емес. Бұл жағайдың жиі қайталануынан мезі болған бұқара биліктің бейқамдығына ашулы.
Автор: Руслан Әбдіхалық
29.03.2023
Аса аулының элиталы аумағы. Бірақ мұндағы ағайын дәл қазір қонақ шақырса ұятқа қалады. Аулаға кәріз жүйесінің суы толып қалған. Ал одан жағымсыз иіс шығатыны айтпаса да түсінікті.
Бүгін мейман келтірмек түгілі, тұрғындардың өзі үйінен шыға алмай қалған. Себебі аула мен көшенің бәрін шайынды су басыпты. Таң ата тұрғындар тазалаумен әлек.
Бұқара мұндай жағдай жиі болады дейді. Және ол мәселенің туындауына кәріз құбырының сапасыз тартылуы себеп деп отыр. Жергілікті халық жұқпалы аурулар өрши ме деп қауіптенеді. Өйткені инфекциялық аурухананың да шайындысы далаға ағып жатыр.
Шәрипа Қойкерешова, Аса ауылының тұрғыны:
- Аудандық аурухана, емхана, мына инфекциялық бөлімшесі қосылған. Ертең шыбыншіркей шығады, адамды шағады, содан жұқпалы ауру тарайды.
Екі жыл бұрын бітеліп қала беретін кәріз құбырын тазарту кезінде қайғылы жағдай болған. Қоқыс аламын деп құдыққа түскен «Аса су» мекемесінің қызметкері газға уланып өлген. Тұрғындар мәселені шұғыл реттемесе, тағы да оқыс оқиға болуы мүмкін деп отыр. Ал ауыл әкімі құбырды қоқысқа толтыратын – тұрғындардың өзі дейді.
Бауыржан Қалшымбетов, Аса ауылының әкімі:
- Ішінен шығып жатқан заттарды айтудың өзі ұят. Оның бәрі осы тұрғындардан түсіп жатқан тірлік қой. Септик толғаннан емес. Септикті табиғи жолмен ағып жатыр. Соның алдын жауып қалған. Әр құдықтағы тазалау жұмысын жүргізіп жатыр.
Әкім мен халық бір-бірін айыптағанымен, кәріз жүйесінің жайы түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Соған қарағанда әлі де аулаға лас су толатын түрі бар. Сорақысы сол, 10 мың түтін мен оншақты әкімшілік ғимараттың қалдық суы егістік алқабына жайылып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!