{metadescription}
Алматыдағы «Тұлпар» базары күрделі жөндеуге жабылады
Алматыдағы «Тұлпар» базары күрделі жөндеуге жабылады

Алматыдағы «Тұлпар» базары күрделі жөндеуге жабылады

Қуса, қайда барамыз? Алматыдағы «Тұлпар» базарының саудагерлері бүгін қалалық әкімдік маңына жиналды. Бірінші сәуірден бастап базар жаңартуға жабылады деген жаңалық шыққалы мазалары кеткен. Ең болмаса күзге дейін уақыт берсе, тауарымызды өткізіп үлгереміз дегендерге әкімдіктің мойын бұруы қиын болар.

Өйткені заң бойынша бұл базар 2023 жылдың бірінші қаңтарына дейін күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс екен. Сонда саудагерлерге далада қалудан басқа амал жоқ па?

- Контейнерім 20 тонналық. Осы жерде істегенімізге қанша жыл болды. Өістіп ашыпжабамыз, жеп отырған нанымыз. Мынша тауармен қайда барамыз?

Шынар Қабылдинова 1998 жылдан бері «Тұлпардың» тұрақты саудагері. Контейнері үйге, құрылысқа қажет ұсақ-түйек затқа толы. Қыс қаһарынан құтылып, сәуірде енді тәуір боламыз ба дегенде, төбеден жай түсіргендей жаңалық Шынардан бөлек, мұндағы барлық кәсіпкерді есеңгіретті.

Гүлдана Ақжанова, саудагер:

- Қазанға дейін уақыт беруі керек. Біз кеше әкімдікке айттып едік, «сендер кетпейсіңдер ғой, қазан айында тағы шулайсыңдар ғой» дейді. Жоқ, кез келген қағазыңды толтырып, қол қойып береміз. 1  қыркүйекте бір ай уақытың қалды, міне, ренжімеңдер, 1 қазанда қақпа жабық болады деп айтыңдар деп отырмыз. Қол қойып береміз.

«Тұлпар» базары 1997 жылы ашылған. 26 жылдың ішінде әлі күнге шатыры жабылмаған. Ашық аспан астында жұмыс істеп жатыр. Сауда орындарының сиқы осы. Үш жүз контейнерден құралған. Әрқайсысын жалға алу құны шамамен 40 мың теңгеден асады.

Әмбебап базарға жұрт бағаның арзандығынан ағылады. Жалға алу құны да кәсіпкерлердің қалтасын қақпайды. Алайда осынша жыл жағдай жасалмағаны көзге ұрып-ақ тұр. Алматының қақ ортасындағы базар атын арқалаған сауда нысанын күрделі жөндеуден өздігімен өткізуге басшылық бас қатырмағандай. Әкімдік заңмен мәжбүрлеген соң, енді амал жоқ, уақытша жаппақ. Екі ортада саудагерлер сандаламыз ба деп сарыуайымға салынған.

Шадыман Асанұлы, саудагер:

 - Қыркүйек айының соңына дейін уақыт берсе, осы қарыздарымызды, кредиттерімізді жауып, кішкене алдын ала дайындалсақ деген уақыт сұрап отырмыз да. Бізге басқа ештеңке керек емес.

Жанайқайымыз жақыннан жетер деген үмітпен кәсіпкерлер қала әкімдігінің жанына жиналды. Әп-сәтте жан-жақтан сақшылар да сау ете қалды. Көпшіліктен 100 адым жерде сырттай бақылап тұрған бәзбіреулердің төбесі көрінді. Сөйтсе, әкімдік қызметкерлері екен. Өзара кеңесіп-келіскесін шаршы топқа келіп тоқетерін айтты.

Қайрат Нұрқасымов, Алматы әкімдігі кәсіпкерлікті басқару және инвестициялар басқармасы бастығының орынбасары:

- Көшу туралы, базардың жабылуы туралы ескертілді. Базардың өзінің жеке кәсіпкер басшылығы модернизацияны бастаймыз деп отыр. Сол себепті осымен біз 45 рет түсіндірме жұмысын жүргізгенбіз. Қазіргі таңда заңға сәйкес, 2023 жылы модернизациядан өтпеген рыноктар бәрі жабылуға тиіс. Сол себептен, базардың басшылығымен осы келісімге келген болатынбыз.

Әкімдік онсыз да осыған дейін күрделі жөндеудің уақытын үш рет шегерген базарға бұл жолы жеңілдік болмайтынын қадап айтты. Заң аясында базарды жауып, жөндеуге міндеттеледі. Ал «Тұлпардың» басшылығы далада қаламыз ба деп уайымдаған саудагерлерге Жетісу ауданында уақытша басқа жер ұсынатынын жеткізді. Бір жылға жалға алу құнын төлемейді дейді. Алайда пайда мен клиентінен айырылып, жер аударуға кәсіпкерлердің келіскісі жоқ...

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде