Ауыс - түйіс: Сайлаудан кейін отставкаға кеткен Үкімет қайта жасақталуда
Есілдің сол жағалауында бірқатар ауыс-түйіс болды. Сайлаудан кейін отставкаға кеткен Үкімет қайта жасақталуда. Президент әкімшілігінің басшысы мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының да басшылығы ауысты.
Автор: Әзиза Төленби
03.04.2023
Ауыс-түйіс Ақордадан басталды. Президент әкімшілігінің басшысы болып Олжас Бектенов тағайындалды. Бұған дейін ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған. Бектеновке дейін Президент әкімшілігіне бір жыл екі ай жетекшілік еткен Мұрат Нұртілеу де жұмыссыз қалған жоқ. Бүгіннен бастап ол премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы Істер министрі.
Мұхтар Тілеубердінің қандай қызметке кеткені әзірге белгісіз. Мұрат Нұртілеуден бөлек Үкімет басшысының бес орынбасары - Роман Скляр, Алтай Көлгінов, Ерұлан Жамаубаев, Серік Жұманғарин мен Ғалымжан Қойшыбаев қайта тағайындалды. Соңғы үшеуі бұрынғы қызметі, яғни Қаржы министрі, Сауда және интеграция министрі мен Үкімет аппараты басшысы қызметін де қатар атқара береді.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та қызметінде қалды.
Ауыс-түйіс «Самұрық-Қазынаны» да айналып өткен жоқ. Әлихан Смайылов әл-ауқат қорына жаңа басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты таныстырды. Премьер соңғы екі жылдағы қызметі үшін Алмасадам Сәтқалиевке алғысын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!