Қазақстан мұнай шығаруды азайтады – ОПЕК+ елдерінің шешімі
Мұнай өндіруші елдер өндіріс көлемін қысқартып жатыр. Өйткені қара алтынның қазіргі бағасы ешкімнің көңілінен шықпайды. ОПЕК+ елдерінің шешімін қолдағандар арасында Қазақстан да бар.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.04.2023
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Бұның себебі, қазір сыртқы жалпы әлем нарығында тұрақтылық жоқ, мұнай саласында. Көлемін ешкім білмейді, қанша тұтынып жатқанын. Бағасына да дұрыс болжам жоқ. Соның бәрін ретке келтіру үшін осындай шешімге келіп отырмыз.
Энергетика министрінің мәліметінше, мамыр айынан бастап жыл соңына дейін Қазақстан қара алтын шығаруды тәулігіне 78 мың баррельге азайтады. Өндіріс қандай кен орындарында шектелетіні әзірге белгісіз. Өткен жылдың 5 қазанында Венада өткен ОПЕК плюстің кезекті отырысында Ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндіруді тәулігіне екі миллион баррельге қысқарту туралы ортақ мәмілеге келген. Шектеу бірінші кезекте қара алтынның құнын көтеру мақсатында жасалуда. Мұның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Бүгін BRENT маркалы мұнайдың бір бареллі 5 долларға қымбаттап шыға келді. Қазір қара алтынның бұл түрінің бағасы 85 доллардан асты. Экономистер мұнай бағасының өсуі ел экономикасына оң әсерін береді деп отыр.
Мақсат Халық, экономист:
- Мұнай бағасы жоғары болса, экпорт әлеуетіміздің жақсаруымен қатар, жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсер етеді. Бюджеттің кіріс бөлімінің артуына, салықтан артуына әсер етеді. Және де ұлттық қордың түсімін арттырады. Белгілі дәрежеде оның оңтайлы әсері – осы. Түптеп келгенде теңгенің тұрақты болып тұруына ықпалын тигізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!