Алматыда шектеп берілетін дизель отыны жетпей жатыр
Алматыда дизель отынын сатуға шектеу қойылды. Алдымен қаланың автобус парктері мен коммуналдық қызметі дизельмен қамтамасыз етіледі. Артылғаны жүк көліктеріне тек талонмен, 200-300 литрден ғана беріліп жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
05.04.2023
Бұл тапшылық елдің әр өңіріне тауар таситын транзит көліктердің де жұмысын тұралатқан. Дизельге қатысты жағдайдың күрделенуіне қала билігі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылуы себеп дейді. Бірақ тапшылықты пайдаланып, жанармай құю бекеттерінің ойына келген бағаны қоюға жол берілмейді дейді шенеуніктер.
Жүк көліктері жанармай құю бекетінде түннен бері кезекте тұр. Барлығына керегі — дизель. Жүргізушілер Алматы мен қала іргесінде тапшылық бір апта бұрын сезіле бастағанын айтады. Яғни дизель талонмен ғана беріліп жатыр. Ал шектеп беретін отын жарты жолымызға да жетпейді деп қапалы.
Мұрат Құлманов:
- Енді көктем басталғалы бәрін қысып тастады. Карточкаға да салмай жатыр, толтырмайды деп. Карточкаға да бермейді. Ал кеше келдік. Ойбай, жарайды, мақұл, Қазақстанның машиналарына тәулігіне 300 литр шектеу деді. Ал қазір 300 литрді де бермейді. 200 литрді әрең жалынып сұрап жатырмыз. Қазір бір 500 километрдан кейін бітеді.
Тауарын тиеп алыс жолға аттанатындарға тәулігіне 700-800 литр дизель кетеді. Ал шектеп беріліп жатқан отын, оның тіпті жартысы да емес. Қазір барлық жанармай бекетінде дәл осы бір талап.
Ең сорақысы, талоны жоқ жүргізушілерге дизель де жоқ. Осылай екі күннен бері шарқ ұрып сұйық отын сатып ала алмай жүргеннің бірі — Мансұр Жұмамұрат. Талонды қайдан аларын білмей жүрген ол дизельсіз жұмысына да кете алмай жүр.
Мансұр Жұмамұрат:
- Жүгіміз үстімізде тұр. Шығып кетейік десек солярка жоқ. Солярканы іздеп жатырмыз, жанжақтан. Сейфуллина көшесінде 12-ақ литр солярка құйылды. Мынандай үлкен машинаға ол ештене емес қой. Енді бекеттерде тұрып, кімде талон бар жалыныпжалбарынып алып жатырмыз. 10 литр, 20 литрден жинап. Біздің баратын жеріміз алыс. Ең азы 3 мың км жерге барамыз.
Қала билігінің айтуынша, дизельдің тапшылығына Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының уақытша жұмысын тоқтатуы себеп. Яғни ондағы күрделі жөндеу жұмыстары жағдайды осыншалық күрделендіріп жіберіпті. Атырау мен Павлодар мұнай өндеу зауыттарынан келген дизель алып шаһардағы көліктерді отынмен қамтамассыз етуге жеткіліксіз.
Қайрат Нұрқасымов, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгінде Алматы қаласы бойынша үлкен 6 жанармай құю станциялары бар. Соларда қазір лимит орнатылған. Өйткені бірінші орында Алматы қаласының автобустік парктары мен коммуналдық мекемелер. Дизель отыны беріліп отыр. Қалған жоспарланған дизель отыны автокөлік жүргізушілерге және Алматы қаласынан өтіп бара жатқан транзиттік автокөліктерге беріліп жатыр.
Атқамінерлер дизельге қатысты мәселе сәуірдің онына дейін шешіледі дейді. Қазір қаланың мұнай базаларында тоғыз мың тоннаға жуық сұйық отын бар. Тағы төрт-бес күн ішінде бес мың тонна жеткізіледі деп күтілуде. Дизель тапшылығын пайдаланып, бекеттердің бағаны өз бетінше көтеруіне жол жоқ деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!