Алматы облысында күтуші сәбиді өлтірді деген күдік туды
Сап-сау күйінде алып, өлі қайтарған. Алматы облысында екі жасар сәбиді өлтірді деген күдікпен күтуші тергеліп жатыр. 30 жастағы келіншек ауылдасының баласына соңғы жарты жылдан бері бас-көз болып жүрген екен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
06.04.2023
Бірақ сәбидің өліміне «қатысым жоқ» деп, өзіне шаң жуытпаған. Тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырғанын айтыпты. Ұлынан айырылған ата-ана бұған сенбейді. Қазір бостандықта жүрген әйелдің дереу қамалғанын талап етіп отыр.
Қайғылы оқиға Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында болды. Сәбидің ата-анасы 23 наурызда дәл осы үйге екі бірдей баласын күтушіге тастап кеткен. Алайда екі күннен кейін бұл баспанадан балаларының тек біреуі ғана тірі шықты. Күтушінің өзі тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырып өлтіргенін айтыпты. Бірақ қара жамылған ата-ана екі жасар баланың өліміне сол күтушінің өзін кінәлап отыр.
Алтынай Көшерова, анасы:
- Есігінің алдында, табалдырықта бала естүссіз жатыр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Саусақтың іздері бар, тұншұқтырған. Мына жерден. Сол әйелдің өзі істеді деп күдіктенемін. Өйткені үш жасар қызы өлтіретіндей емес.
Уақытша күтуші болған әйел алыстағы адам емес. Туысының көршісі екен. Арасында ақысына балаларын қарап жүріпті. 30 жастағы әйел сәбиді өлтірді деген күдікпен сол күні-ақ ұсталған. Бірақ құзырлы органдар оны он күннен кейін босата салды дейді қара жамылған ата-анасы.
Қаржаубай Киымбаев, әкесі:
- Сұрасақ, күдікті ретінде толық мәлімет аз дейді. Бұған қандай мәлімет керек? Менің балам өлді. Адам ары қарай тайраңдап өмір сүре беру керек пе?
Әу баста іс 141-баптың екінші бөлігі, яғни абайсызда жас баланың өліміне әкеп соғу бойынша қозғалған. Бірақ тергеп-тексерудің нәтижесінен кейін келесі күні бірден жас баланы өлтіру бабына ауыстырылған. Прокурорлар күдіктінің қадағалауда екенін айтады.
Рашид Чотбаев, Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры:
- Талғар ауданы сотында Талғар ауданы полиция басқармасының өтініш хаты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімде ұстау бойынша қаралуда. Біз бүгін оны жолдаған болатынбыз. Дәл қазір ұсталған күдіктінің бұлтартпау шарасына сәйкес сотқа барады, сотта ары қарай екі айға ұзартылады немесе басқа да шешім шығуы мүмкін.
Ал күтуші болған 30 жастағы әйелдің жақындары аң-таң болып отыр. Сөздерінше, оның баланы өлтіруіне еш себеп те, негіз де жоқ.
Нұрмира Кененбаева, күтушінің туысы:
- Баланы баққаннан кейін өлтіремін деп бақпайсыз ғой. 510 теңге болсын деп баққан. Өзінің үш баласы бар, өзі төртіншісіне аяғы ауыр. Тиын-тебен болсын, ана жақтағылар да жұмыс жасайық деп, екі баласын әкеп беріп отыр ғой. Кішкентай баланы буындырып қойды деп айтқаны болмаса, болды. Басқа ештеңе айтылған жоқ.
Күтуші әйелдің жақындары да, бақилық болған баланың ата-анасы да тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 20 жылдан бастап өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!