{metadescription}
Ақтау мен Ақтөбеде баспанасын ала алмаған үлескерлер бас көтерді
Ақтау мен Ақтөбеде баспанасын ала алмаған үлескерлер бас көтерді

Ақтау мен Ақтөбеде баспанасын ала алмаған үлескерлер бас көтерді

Еліміздің батыс өңірінде қос қаланың үлескерлері үйін даулап жүр. Ақтау мен Ақтөбеде құрылыс компанияларына ақшасын беріп, енді пәтерін ала алмағандар әкімдікке жиналды. Себебі: қос облыста да құрылыс жұмыстары тұралап қалған.

Ақтауда мердігердің үй салуға құжаты болмай шықса, Ақтөбедегі кәсіпкер үлескерге берген уәдесін орындай алмай шатылып жатыр. Онымен қоса мәселені реттеуге шақырылған инвесторға жер телімін рәсімдемей әуреге салыпты. Үлескерлердің талап-тілегін КТК тілшісі тыңдап келді.

Ақтауда екі жылдан бері баспанасын ала алмай жүрген 100-ге жуық үлескер таң атасымен әкімдікке жиналды. Олар бизнес-класс санатындағы үйден пәтер аламыз деп, жарнамасына алданып ақша салған. Бірақ баспанасына әлі қол жеткізе алмай жүр.

Дана Серік, Ақтау қаласының тұрғыны:

- 16 миллион теңге салдым, «Сұлтан» тұрғын үй кешеніне. Екі жылдай уақыт болды, ешқандай құрылыс жүріп жатқан жоқ. Осы тұрған адамның бәрі 1 миллиардтан астам ақша салған. Ол ақшаға ешқандай құрылыс жүрген жоқ.

Жиналғандардың айтуынша, бұрын құрылыс компаниясы нысандарды уақтылы салып, тапсырып жүрген. Бәрі соған сеніпті. Бірақ тексеру кезінде тұрғын үй кешенін салуға қолында құжаты жоқтығы анықталады. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Енді ақшасын салған үлескерлер не істерін білмей дал. Ал әкімдіктегілер заңсыз құрылыс толық сүрілсін деп отыр.

Дәурен Өтепқали, Маңғыстау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

Бұл құрылыс нысаны ешқандай рұқсат құжатсыз салына басталған. Оған сәйкесінше біз ҚР әкімшілікқұқықтық бұзушылық туралы кодексінің баптарына сәйкес 316, 321, 406 баптарына сәйкес, тиісті әкімшілік шаралар қабылдадық. Құрылысты тоқтату туралы нұсқамалар да бердік. Жердің нысаналы мақсатына сұрақ тауындап тұр. Коммерциялық тұрғыда, яғни тұрғын үй салуға болмайды.

Ақтөбеде де 140 пәтерлі тұрғын үйден баспаналы болуға үмітті үлескерлер әкімдікке келді. Олар да үш жылдан бері жаңа қонысына кіре алмай жүр. Құрылыс тоқтап, компания басшылары тергеліп жатыр.

Ербол Өтеулин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

2021 жылы бастаған. Үш уақытымыз кетті. Әлі қорқышынпен отырмыз. Ол үйді аламыз ба, алмаймыз ба? Ақшасын  уақытында беріп тастадық. Жүз пайыз есептестік.

Тұралаған құрылысты жалғастыруға Ақтөбеге ақтаулық инвестор келіпті. Бірақ жер теліміне бұғат салынып, құжаттары әлі рәсімделмеген. Үлескерлер үйлі болу үшін ең алдымен құрылыс жүріп жатқан жерді атымызға аударып берсе дейді.

Дүйсебай Табылдиев, «ҚазақПромСтрой» ЖШС директоры:

Маған жерді рәсімдеп беруі керек қой. «Экостройдың» жерін рәсімдеп бермесе, маған ЖШС-мен бірге ала қой деді, проблемасымен бірге. Жақсы, алайын. Ертең банкроттыққа берермін. Өзіме проблема болады ғой. Мынадан жеңіл ғой проблемасы.

Ақтөбелік шенеуніктер бұған дейінгі құрылыс компаниясының басшыларына қатысты тергеу аяқталып, жерді қазіргі инвесторға рәсімдеу шаралары жақында реттеледі деп уәде етті. Ал ақтаулық үлескерлердің жайы не болары әзірге белгісіз. Себебі мердігердің құрылыс жүргізуге рұқсаты болмағандықтан, әкімдік үйді мәжбүрлі түрде бұзуды сот арқылы талап етіп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде